ПАВЛОДАРДА ІІІ АЙМАҚТЫҚ ИМАМДАР ФОРУМЫ ӨТТІ (ФОТО)
ПАВЛОДАРДА ІІІ АЙМАҚТЫҚ ИМАМДАР ФОРУМЫ ӨТТІ (ФОТО)
05.11.2019 13:11
239
0

5 қарашада Павлодар қаласындағы «Достық үйінде» «РУХАНИ ҚҰНДЫЛЫҚТАР – ҚОҒАМ БІРЛІГІНІҢ НЕГІЗІ» атты ІІІ аймақтық имамдар форумы өтті. Форумды Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының Павлодар облысы бойынша өкілдігі ұйымдастырды.

Аймақтық форумға Павлодар облысына қарасты қала, аудан, ауыл мешіттерінің имамдары, «Әбу Бәкір Сыддық» медресесінің және «Мәшһүр Жүсіп» қарилар даярлау орталығының шәкірттері, сондай-ақ өңір ақсақалдары қатысты.

Іс-шараның модераторы, Павлодар облысының бас имамы Жолдас қажы Қоспақұлы форумға Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасынан арнайы келген мәртебелі меймандарды таныстырып, шараның мәні мен маңызына тоқталды.

Форумдағы негізгі баяндаманы ҚМДБ Діни білім және кадр даярлау бөлімінің меңгерушісі Бейбіт Мырзагелдиев жасады. Ол осы жылдың 23 қазанында Нұр-Сұлтан қаласында имамдардың ІІІ республикалық форумында қабылданған «Жеті рухани қазық» Қазақстан мұсылмандарының Рухани тұғырнамасы, ҚМДБ атқаратын діни рәсімдер тізілімі және ҚМДБ құрылымындағы діни лауазымдар тізілімі секілді маңызды құжаттарды көпшілікке түсіндіріп берді. Сонымен қатар, көпшілік тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.

С.Торайғыров атындағы ПМУ-дың профессоры, мәшһүртанушы, филология ғылымдарының докторы Айтмұхамбет Тұрышев республикалық имамдар форумында қабылданған«Жеті рухани қазақ» құжаты туралы ауқымды баяндама жасады.

Конфессияаралық қатынастарды талдау және дамыту орталығының директоры Гүлназ Раздықова жат ағымдармен күрес туралы баяндама жасап, «Жусан» операциясы туралы жан-жақты ақпарат берді.

Ал Ақтоғай ауданының бас имамы Ахметолла қажы Жандарбекұлы қазіргі қоғамдағы имамдардың рөлін арттыру туралы ой қозғады.

ҚМДБ-ның Баспасөз хатшысы Ағабек Қонарбайұлы имамдар форумын ұйымдастырудың мән-маңызына тоқталды.

Шара соңында көпшілік баяндамашыларға толғандырған сауалдарын жолдап, тұшымды жауап алды.

Форум қатысушылары маңызды шараны естелік суретке түсіп, тәмамдады.

 «Мәшһүр Жүсіп» орталық мешітінің баспасөз қызметі

0 пікір