ПАВЛОДАРДА ЕКІНШІ РЕТ КӨП БАЛАЛЫ АНАҒА ТЕГІН ПӘТЕР БЕРІЛДІ
ПАВЛОДАРДА ЕКІНШІ РЕТ КӨП БАЛАЛЫ АНАҒА  ТЕГІН ПӘТЕР БЕРІЛДІ
05.04.2019 15:58
2630
0

ҚМДБ «Зекет» қорының аймақтағы өкілдіктерінің ұйытқы болуымен Павлодарлық қамқоршысыз қалған көп балалы жалғызбасты анаға екі бөлмелі пәтер кілті табыс етілді. Игі шараға ҚМДБ «Зекет» қорының директоры Талғат Омаров және қор қызметкерлері қатысты.

Жаңа пәтерге ие болған Бейсембенова Жанар, жолдасы қайтқанына бір ай ғана болған, 4 қызы бар, ал бесінші баласына аяғы ауыр.

Талғат Сейіткәрімұлы жаңа пәтер иесі Жанар Қабидоллақызына және  оның туыстарына көңіл айта келе: «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының негізгі жұмыс бағыттарының бірі – халыққа қайырымдылық жасау. Өздеріңіз білесіздер, қазір елімізде көпбалалы отбасыларға әлеуметтік көмек көрсетілуде. ҚМДБ жанындағы «Зекет» қоры осы бастамаға қолдау көрсету мақсатында өздеріңізге сый жасап отыр. Жалпы «Зекет» қоры еліміздің көптеген қалаларында көпбалалы аналарға ғана  баспана кілтін табыстауда. Аталған шара «Ел үлесі – пәтерге» жобасы аясында жүзеге асуда», – деді.

ҚМДБ «Зекет» қорының  директоры келесі кезекте «Мәшһүр Жүсіп» мешітінің ауласында әйел-қыздар секторының ұйымдастыруымен өтіп жатқан «Қайырымдылық жәрмеңкесінің» жұмысымен танысып, осы мешіт ауласында жергілікті жамағат, кәсіпкерлер арқылы ұйымдастырылған «Барыңмен бөліс!» атты қайырымдылық акциясына қатысты. Бұл акция арқылы осы жолы мұқтаж болған 100 отбасына азық-түлік пакеттері және әртүрлі киім-кешектер үлестірілді.

Қасиетті жұма күнгі жұма намазына дөп келген Талғат Сейіткәрімұлы намазға жиналған мыңдаған жамағат алдында зекет парызы туралы толық түсінік беріп, алда зекетті электронды онлайн түрінде қалай өтеу туралы арнайы бейнероликпен түсіндірді.

Шара соңында Павлодар тұрғындарына және  игі шараға үлес қосқан азаматтарға алғысын білдірді.

Ал түстен кейін Павлодар облысына қарасты қала, аудан мешіті имамдарына, кешкісін қаладағы белгілі кәспкерлермен кездесу жасаған ҚМДБ «Зекет» қорының директоры оларға зекет парызы, оны өтеу жолдары туралы кең көлемде әңгімелеп, сұрақтарына жауап берді.

 

 

 

Амантай ТОЙШЫБАЙҰЛЫ

 

0 пікір