ПАВЛОДАРДА АУЫЛ МЕШІТІ КҮРДЕЛІ ЖӨНДЕУДЕН ӨТТІ
ПАВЛОДАРДА АУЫЛ МЕШІТІ КҮРДЕЛІ ЖӨНДЕУДЕН ӨТТІ
09.10.2020 16:49
472
0

ҚМДБ-ның 30 жылдық  мерекесіне орай шалғай аймақтарда орналасқан 30 мешітті күрделі жөндеуден өткізу бастамасы қолға алынған еді. Осы бастама аясында ҚМДБ-ның Павлодар облысы, Павлодар ауданы, Чернорецк аулының «Әбу Шахман» мешітіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп осы жұма күні салтанатты түрде қайтадан лента қию рәсімі өткізілді.

 Ашылғалы бері 25 жыл өтсе де  алғаш рет күрделі жөндеу жүргізілген 150 адамдық құлшылық үйінің сырты арнайы қызыл кірпішпен толық қапталып, жылы еден төселіп, намазхана залына жаңа кілем төселген. 300 адамдық асхана жабдықталған және мешіт ауласы жаңадан қоршалып, есік алды толығымен сапалы брусчаткалармен қапталған. Күрделі жөндеудің басты жетістігі  500 метр жерден құбырлар тартылып  орталық жылу жүйесіне қосылған, сонымен қатар таза су құбырлары да орталық жүйеге қосылған.

Мешіттің ашылу салтанатына облыс бас имамы Бертымұратов Жолдас және  мешіттің жөнделуіне атсалысқан азаматтар, ақсақалдар, ауыл тұрғындары қатысты. Салтанатты шара Құран оқумен ашылып, бас имам Жолдас Қоспақұлы бата жасап, сөз кезегін алып, жүрекжарды лебіздерімен бөлісті.

Келесі кезекте бас имам  құлшылық үйін күрделі жөндеуден өткізіп, игі жұмыстардың жоғары деңгейде атқарылуына мұрындық болған мешіт имамы мен жанашыр азаматтарға алғысын білдірдіп, марапат хаттар табыстады.

Ал өз кезегінде сөз алған Әбу Шахман атаның ұрпақтары мен ауыл ақсақалдары мешіттің ауыл жастарына  имандылық тәрбие беріп, асыл дінімізді насихаттайтын құтты мекенге айналса деген тілектерін жеткізді.

Аталмыш мешіттің имамы Бауыржан Әленұлы өз сөзінде қасиетті жұма күні жамағатқа  есігін айқара ашқан мешіт ауылдың  көркіне көрік қосып,  жастарды әртүрлі діни ағымнан сақтау жолында және халықтың діни рәсімдерін сауатты атқаратын болады деп сенім білдірді.

 

 

 

0 пікір