Павлодарда «Адал ас-арлы ұрпақ» атты семинар өтті
Павлодарда  «Адал ас-арлы ұрпақ» атты семинар өтті
14.02.2019 11:51
1154
0

Павлодар облысы өкілдігінің ұйымдастыруымен  орталық «Мәшһүр Жүсіп» мешітінде  «Адал ас-арлы ұрпақ» тақырыбында   халал стандарт бойынша семинар өтті. Семинарға ҚМДБ «Халал-Даму» ЖШС-ның директоры Елжанов Ануарбек Ізімбайұлы  арнайы келіп, дәріс оқыды. Дәріске облысымыздағы  қала, аудан мешітінің имамдары түгелдей қатысты.

Семинар барысында ғылыми дəлел дəйектермен əлемдік халал өндірісінде көш басында келе жатқан мемлекеттердің тəжірибесіне сүйене отырып, ҚМДБ-ның халал стандарты бөлімі дайындаған стандарт таныстырылды. Сондай-ақ  электронды және бейнебаян мәліметтер арқылы «Халал Даму» технологиясының жұмыстарымен таныстырып, елімізде және Павлодар облысы  бойынша «Халал даму» тарапынан сертификаттандырылған кәсіпорындар  жайлы да мәліметтер айтылды. Жалпы бұл семинар имамдарға  халал стандарттау саласы бойынша туындаған сұрақтарға жауап бере алатындай бір пайдалы дәріс болды.

 Семинар барысында имамдар  көкейде жүрген көптеген сауалдарын қойып, маманнан нақты жауаптарын алды. Жиын соңында Павлодар облысы бойынша мешіттерден жиналған барлық имамдарға алғысын білдіріп,  арнайы сертификат табысталды.

Болашақ ұрпақтың адал аспен қоректенудің маңыздылығы ерекше екені бәрімізге аян. Осыған байланысты семинар жұмысына түстен кейін Павлодар қаласындағы ірі   қоғамдық тамақтандыру және азық түлік саудасымен шұғылданған кәсіпкерлермен  арнайы дайындалған дастархан басында жүздесті.

Кәсіпкерлер тарапынан аталмыш тақырып қызығушылық тудырып, әртүрлі сұрақтар қойылды. Барлық сұрақтарға маман тарапынан нақты жауаптар берілді. Оларға шариғат талаптарына сай мал бауыздаудың тәсілдеріне тоқталып, адам ағзасына берер мол пайдасы да  кеңінен түсіндірілді.  Кәсіпкерлерге халал сертификатын алу жолдары түсіндіріліп, тағамдары үнемі тексеруде болатындығы да ескертілді.

Соңында Ануарбек Ізімбайұлы аталмыш тақырып бойынша облыстық «Ертіс» телеарнасына және «Халық радиосына» кең көлемде сұхбат берді.

 

 

Амантай ТОЙШЫБАЙҰЛЫ

 

 

 

0 пікір