ПАВЛОДАРДА 100- МЕШІТ АШЫЛДЫ
ПАВЛОДАРДА 100- МЕШІТ АШЫЛДЫ
19.12.2021 13:31
596
0

Павлодар облысы, Ақсу ауданына қарасты, Алғабас аулының тұрғындары Тәуелсіздік мерекесі күні, яғни 16 желтоқсан күні өз аулында облыс бойынша   100-ші болып жаңа мешіт ашылуына қатысты.

Мешіттің ашылуына облыстың бас имамы Жолдас Қоспақұлы, Ақсу ауданының бас имамы Омаров Әбдімүтәли-лер қатысып,  ауыл халқын жаңа ғибадатханасымен құттықтай келе, ел Тәуелсіздігі, Отан, Отаншылдық деген ұғымдар туралы, «Отанды сүю-иманнан» деген тәмсіл сөзбен қоса, «Екі көз тозақ отына жанбайды. оның бірі-Отанды қорғап шекара  күзеткен көз» деген хадистерді  «Отан – оттан да ыстық», «Отан үшін отқа түс, күймейсің» деген халық мәтелдермен байланыстырып шағын уағыздар  айтты.

Келесі кезекте ауылдың қадірлі  ақсақалдары сөз алып бәрі де жаңа мешіттің жамағатқа толы болуын, жастарды тәрбиелейтін  имандылық ордасы болуын тілеп ақ батамен алқаса, ақжаулықты аналардың қардай ақ ниетін қосып шашқан шашуымен бірге мешіт лентасы да қиылып, мешіттің ашылу салтанаты өтті.

Мешітті ауылдағы шағын кәсіпкерлер арқылы, ауыл халқы да үлес қосып бірлесіп тұрғызған. Мешіт 70-80 адамға арналған, күмбезі бар, имамынң бөлмесі, дәрет алып жуынатын орын, киім ілетін  дәлізі бар. Сонымен қатар алдағы уақытта діни рәсімдер жүргізіліп, Құдайы ас беруге арналған асхананың да іргетасы қаланған.

Салтанатты рәсімнің  соңы  ақ дастархан жайылып, ата бабалар рухына Құран бағыштап, ел-жұртқа амандық, Тәуелсіздігіміз  баянды болуын тілеген дұға-тілектермен байыды.

 

 

0 пікір