ПАВЛОДАР: ҚОЖАЛАР ӘУЛЕТІНІҢ КЕСЕНЕСІНДЕ
ПАВЛОДАР: ҚОЖАЛАР ӘУЛЕТІНІҢ КЕСЕНЕСІНДЕ
17.10.2022 15:37
433
0

15 қазан күні Павлодар облысы, Екібастұз ауданы Ақкөл-Жайылмадағы дін ғұламасы, әулие Исабек ишан кесенесінде айтарлықтай оқиға болып өтті. Қожалар әулетінің әмбебап зиярат орны болған бұл жерде бұрыннан  намазхана және оның шырақшысы бар еді. Алайда алыс-жақыннан зиярат етушілерге арналған ыңғайлы жатын-орны болудың қажеттілігі үнемі күн тәртібінде тұратын-ды. Осыған орай биылғы жылдың мамыр айында облыс әкімінің қолдауымен жайлы қонақүй салу жоспары бекітіліп,  тағаны тартылған болатын. Міне, сол мейманхана құрылысы аяқталып, оның ашылуына ҚМДБ-ы төрағасының орынбасары, наиб мүфти Сансызбай қажы Құрбанұлы,  және  облыс әкімі Сқақов Әбілқайыр қатысты.

Қонақтар алдымен асыл дінімізді алғаш таратушылардың ұрпағы, философ ағартушы, белгілі Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының тәлімгері болған Исабек ишанның  және оның ұрпағы Жандарбек қожа атаның рухына Құран бағыштады. Келесі кезекте жаңа ғимараттың ашылу рәсімі өткізіліп, «Әбу Бәкір сыддық» медресе-колледжінің шәкірті Ержан құран оқып, Сансызбай қажы халыққа арнап бата берді.

 Шара соңында облыс әкімі Ә.Сқақтовтан кейін сөз алған Сансызбай қажы Құрбанұлы қасиетті дінімізді дұрыс танып білу, аруақтарға зиярат жасап құрмет көрсету туралы айта келіп,  ұлттық құндылықтарды насихаттау, дін мен дәстүр үйлесіміндегі мұсылмандық мектепті елімізде жаңғырту жолында ҚМДБ-нан алға қойып отырған мақсаттары туралы халыққа кеңінен әңгімелеп берді.

 

0 пікір