Павлодар облысы мешіттері Рамазан айында
Павлодар облысы мешіттері Рамазан айында
16.05.2018 14:49
679
0

Әйел қауымға арнайы ауызашар берілді

Рамазан айының құрметіне ауыздарын бекіткен әйел жамағатына Павлодар қаласы «Ақмешіт» мешітінде ауыз ашар берілді.Ауыз ашарға 200-ге жуық нәзік жандылар қатысты. Ақ жаулықты аналармен қоса жас өспірім қыздардың басым көпшілігі Қасиетті Рамазан айының оразасын тұтқан.

Отырыста Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Павлодар облысы бойынша «Әйелдер және қыздар» секторының басшысы және «Мәшһүр Жүсіп» орталық мешітінің ұстазы Талқанбаева Қарлығаш Қажымәлікқызы «Мұсылманның парызы» тақырыбымен уағыз өткізді.

 

Қалалық «Ақмешіт» мешіті

 

Рамазан айы барысында

Қасиетті Рамазан айы Павлодар қаласы «Ақмешіт» мешітінде айрықша қарқынды өтуде. Қала тұрғындарына арнайы баннерлер ілініп және оразаны дұрыс ұстауға қатысты бүктемелер жасалып, таратылуда.

Күнделікті арнайы ораза айына шақырылған қари-ұстаз Тарауық намазын уақытылы өткізуде. Намазға 150-ге жуық мұсылман қауым жиналады.

Мешіт жанында арнайы жасалған киіз үйде Рамазан айы бойы ораза ұстаған мұсылмандарға тегін ас беріледі. Әр кеште ауыз ашарға 50-ден аса аузы берік мұсылмадар жиналады. Сонымен бірге ораза тұтқандарға сәресінде де ас беріледі.

Қалалық «Ақмешіт» мешіті

Қалалық «Ақмешіт» мешітінде

Жаңа мешіттің салынуы қолға алынды

Жаңа мешіттің салынуы қолға алынды

Павлодар облысы, Павлодар ауданы, Григорьевский акругіне қарасты Набережный ауылыда ауыл тұрғындарының өтініші бойынша жаңа мешіт салу жоспарлануда. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қолдауымен жеке кәсіпкер Әлия Сандыбаева өз қаражатына жаңа мешіт ғимаратын салуды қолға алды. Өз кезегінде ауыл тұрғындары да Алланың үйін тұрғызуға барынша үлес қосуда. Мамыр айының 26-жұлдызында ауыл тұрғындарымен қоса Павлодар ауданы, Григорьевский округінің әкімі Виталий Бруцкий қолына күрек алып салуға жоспарланған мешіттің орнын тазартуға кірісті. Өз үлесін бұл еңбекке Павлодар қаласы «Ақмешіт» мешітінің Бас имамы Нұрлан Евфратұлы да қосты. Тұрғындармен бірге жер телімін тазартуға кірісті.

Жұмыс соңында Құран бағышталып, бата жасалып, құрбандыққа қой сойылды.

 

 

Қалалық «Ақмешіт» мешітінде

Павлодар қаласының және Павлодар аудандық мешіт имамдарымен қасиетті Рамазан айында атқарылған жұмыстарды пысықтау, алдағы атқаратын іс-шаралардың бағыттарын айқындау мақсатында жиналыс өткізілді.  Жиналыста орталық «Мәшһүр Жүсіп» мешітінің іс басқарушысы Қ. Касимов қатысып мешіт құжаттары, мешіттің ішкі-сыртқы жұмыстарымен танысып, имамдарға әдістемелік нұсқаулар берді.

 

Ал «Ақмешіт» мешітінің бас имамы Н. Қайырбеков  өзіне қарасты мешіттердің апталық есептерін тыңдап, алда жамағат арасына әлеуметтік мақсатта  әртүрлі іс-шаралар ұйымдастыру, оларды ізгі амалдарға жұмылдыру, жамағаттың береке-бірлігін нығайту, қасиетті айда қайырымдылық істер көп ұйымдастыру жөнінде ақылдасып, арнайы міндеттер жүктеді.

 

 

 

«Мәшһүр Жүсіп» мешітінің баспасөз қызметі

 

Рамазанның алғашқы күні «Мәшһүр Жүсіп» мешітінде

Облыстық орталық «Мәшһүр Жүсіп» мешітінде Рамазан айының алғашқы күнінде  тарауық намазына  келген жамағатқа қасиетті Рамазан айы туралы  250 дана  екі түрлі буклеттер таратылып, тарауық намазы алдында өкіл имам Жолдас Қоспақұлы уағыз-насихаттар айтты.

Осы күні мешіттің үлкен залында «Әйел-қыздар секторымен» бірлесіп  діни сауат ашу курсының әйел шәкірттері 130 адамға «Қайырымдылық ауызашарын» өткізді. Ауызашарға  қарт апалар мен жалғызбасты көп балалы аналар, ораза тұтқан студенттер және  мешіт арқылы тұрақты көмек алатын мұқтаж отбасы аналары арнайы шақырылып қатыстырылды.

Сонымен қатар «Мәшһүр Жүсіп» мешітінің Рамазан айы бойы 100 кісіге арнап ұйымдастырған арнайы ауызашар дастарханына мешіт жамағаты, студенттер қатысты. Бұл ауызашарда «Мәшһүр Жүсіп» мешітінің наиб имамы Утепов Асхат жат ағым зардабы тақырыбында  уағыз айтып, жамағаттан қойылған біршама сұрақтарға жауап берді. Аталмыш шаралар өңірлік телеарналар  арқылы  насихатталды. Өкіл имам Жолдас Қоспақұлы телеарна тілшілеріне сұхбат берді.

 

«Мәшһүр Жүсіп» мешітінің баспасөз қызметі

 

Айлардың сұлтаны Рамазан айына әзірлік

Павлодар  облысының өкіл имамы Бертымұратов Жолдас өкілдікке қарасты қала, аудан, кент имамдарының басын қосу себебінің басты тақырыбы-Қасиетті Рамазан айына дайындық болған еді. Рамазан айын насихаттау, оразаға қатысты сауал-жауап сұхбаттарын өткізу, қайырымдылық шараларына көңіл бөлуге шақырылған еді.

Тапсырмаларға байланысты қалалық «Бижан» мешіті Қасиетті Рамазан айының қарсаңында Самад Сагинов бас имам бастамасымен «Бижан» мешітінің ауласына Рамазан айына құттықтау және оразадағы амалдар жайында баннер ілініп,кигіз үй тігіліп  жамағатқа ауызашар беруге толық дайын болды.

 Сонымен қоса мешіт ауласы мен мешіт көркін ашар, халыққа тартымды болуымен Қасиетті Рамазан айының бір көрінісі болсын депсәулетті жарық қондырғылары құрылды.

Бірінші тарауық күні, Рамазан айымен құттықтап, уағыз насихат жүргізіп елімізге тыныштық, халқымызға ынтымақ, бірлік тілеп,  өкілдіктің шақыруымен бауырлас еліміз Түркиядан келген Әмре есімді қариды намаз алдында мешітке келуші жамағатпен таныстырып, алғашқы тарауық намазы өткізілді.

Имам тікелей эфирда

 

Павлодар қалалық «Бижан» мешітінің имамы Сагинов Самад қасиетті Рамазан айының алғашқы күні қарсаңында  облыстық «Ертіс» телеарнасының «Таң шолпан» бағдарламасында тікелей эфирда қонақта болып,  мүбәрак Рамазан айының келуімен құттықтады.Көрермендердің тікелей эфирда Рамазан айының қадір-қасиеті мен оразаны дұрыс ұстау шарттары және ораза ұстаған адамның оразасы немен бұзылып, неден сақ болуларының қажеттілігімен алғаш ұстаған адамға байланысты қағидаларын айқын ашып жауап берді.

«Бижан» мешіт баспасөзі

 

Саты ауылында

 

Қаиетті Рамазан айын ауыл мешіттері де үлкен әзірлікпен қарсы алуда. Рамазан айы қарсаңында ауылымызда Қазақстан Республикасы мәдениет қайраткері  Әбілқасов  Алтынбектің атынан балалар ойнайтын саябақ ашылып, ас беріліп, дұға бағышталды. Дәстүрлі  турнирдің  5жылдығына орай  көкпар,  аламан бәйге, қазақша күрес, қошқар көтеру қатарлы сайыс жүрілді. Саябақтың ашылу рәсімінде Баянауылдан алтын домбыра иегері Аспанбек Шұғатаев және елімізге танымал әнші Досымжан Таңатаров, жергілікті әнші Құсайынов Нұрболаттар ән шырқады. Іс-шараға ауыл, аудан әкімдері де халықпен бірге болды. Сондай-ақ саябаққа жаңадан көптеп көшеттер отырғызылып, ағаштар егілді. Соғыс және тыл ардагерлері болған қарияларға сый-сияпаттар жасалды.

 

Ал Рамазанның алғашқы тарауық намазына ауыл жамағаты көптеп жиналып мешіт имамы Жағыпаров Жасболат уағыз айтты.

 

Алда ай бойы ауыл ақсақалдары, мешіт жамағаты және кәсіпкер азаматтардың үйлестіруімен ораза тұтқан жамағатқа тұрақты ауызашарлар беріліп тұрады.

 

Май ауданы, Саты аулының мешіті

 

0 пікір