ПАВЛОДАР: ИМАМДАРЫ ЖЫЛДЫ ҚОРЫТЫНДЫЛАДЫ
ПАВЛОДАР: ИМАМДАРЫ ЖЫЛДЫ ҚОРЫТЫНДЫЛАДЫ
15.12.2020 12:15
461
0

ҚМДБ, Павлодар облысы өкілдігінің жылдың қорытынды жиыны «Мәшһүр Жүсіп» мешітінде  өтті. Жиынға қала, аудан мешіті имамдары қатысты.

Облыс бас имамы Жолдас Қоспақұлы 2020 жылы облыс көлемінде атқарған іс-қызметтері туралы қысқаша тоқталып, алда  тұрған  мақсаттар туралы айта келе, Бас мүфти хазірет Наурызбай қажы Тағанұлының:

«Сынаққа толы 2020 жылды да аман-есен өткердік. Ел басына күн туғанда жақынына жанашыр болған азаматтардың алғы шебінде ақ сәлделі имамдарымыз жүрді. Карантин уақыты Рамазан айына тұспа-тұс келгенде мешіттерде бас қосып, ауызашар бере алмаса да, ауызашар қоржындарын таратып, оразаның қуанышты сәттерін жамағатқа сездіре алған да, Құрбан айт келіп, қашықтан құрбан шалуға өкіл болып, көптің аманатын мойнына жүктеген де имамдарымыз еді. Күні кеше өткен имамдардың IV республикалық онлайн-форумында да Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Президент Қасым-Жомарт Тоқаев, бірқатар мемлекет және қоғам қайраткерлері дін қызметкерлерінің еңбегін бағалап, алғысын білдірді. Қазақстан мұсылмандарының қара шаңырағы Діни басқарманың 30 жылдығы құтты болсын»,-деген лебізін жеткізді.

Жиын барысында көп жылдық қажырлы еңбектерімен танылған Ақсу қалалық мешітінің бас имамы Омаров Әбдімүтәліп, Ақтоғай ауданының бас имамы Ахметолла Жандарбекұлы, Баянауыл ауданы,  Майқайың кентінің бас имамы Бодаубек Солдатұлы, Май ауданының бас имамы Жағыпар Беріктерге  ҚМДБ-ның 30 жылдық мерекелік медалы табысталды.

Жиын соңында облыс бас имамы биылғы сынаққа толы жылы  жақсылықтың жаршысы бола білген имамдар қауымына, мешіт қызметкерлеріне алғысын жеткізіп, Алғыс хаттар табыстады.

 

 

0 пікір