ПАВЛОДАР ИМАМДАРЫ ДІНИ ТҰЛҒАЛАР КЕСЕНЕСІНЕ ЗИЯРАТ ЖАСАДЫ
ПАВЛОДАР ИМАМДАРЫ ДІНИ ТҰЛҒАЛАР КЕСЕНЕСІНЕ ЗИЯРАТ ЖАСАДЫ
01.10.2021 11:23
436
0

Павлодар  облысының қала, аудан имамдары осы аптада арнайы уақыт шығарып  елмізге  әйгілі дін қайраткерлері Ғабдыл-Уахит хазірет және Темірғалы  Нұрекеннің   кесенесіне зиярат жасады. Өңір тарихынан сыр шертіліп, діни тұлғалардың  атқарған іс-қызметтері, олардың өнегелі де ғибаратты өмірі туралы айтылып, Құран Хатім оқылып, арнайы дұға жасады.

Ғабдыл-Уахит хазірет (1853–1926)-тің кесенесі Шарбақты ауданы,  Арбиген аулы маңында. Ол кісі Ертіс-Баян өңірінде өмір сүрген белгілі діни қайраткер.  Бұқарада көп жылдар оқып туған елге оралған соң бүкіл ғұмырын халыққа қызмет етуге арнап, ағартушылықпен айналысқан. Медресе ашып, көпшілікті оқытты, мешіт салып,  имам болды.  Ислам дінінің негіздерін дәріптей отыра, адамгершілік, әділеттілік, мейірімділік пен қамқорлық сынды ізгі қасиеттерді көп насихаттады.

1926 жылы Ғабдыл-Уахит хазірет қайтыс болған соң оның зираты  мұсылман қауымның зиярат етер орнына айналды. 1953 жылы хазірет жерленген жерге мазар тұрғызылды.  2012  жылы  бұл кесене жжаңартылып салынды.

Бүгінде кесене аумағында барлық жағдай қарастырылған, тіпті түнеуге болатын үй бар. Зиярат етуге ниеттілерді жергілікті шырақшы (молла) қарсы алып, келушілерге хазіреттің өмірі мен қызметіне байланысты түрлі тарихи деректер мен аңыздарды әңгімелейді

Темірғалы Түйтеұлы Нұрекен(1856- 1919)-нің кесенесі    Шарбақты ауданы, Есілбай аулында.  Ол кісі ұлтының келешегі, қазақ халқының болашағы үшін биік мінберлерде сөз сөйлеп қана қоймай, нақтылы істерімен ел есінде қалған көрнекті  қайраткер тұлға. Патша үкіметі тұсында қазақ жерінде мешіттердің көптеп бой көтеруіне, қазақ балаларының сауат ашып, оқып-білуіне барынша жағдай жасаған жан.

Темірғалы - жомарт болған жан. Дін жолындағы қарызын қажылыққа Меккеге барып өтеген. Балаларын, ауыл-аймақтағы жасөспірімдерді оқытқан, қол ұшын берген, қажетті жәрдем-көмек еткен.  Ресейдің екінші Думасына депутат сайлау науқаны басталғанда шараға Темірғалы Нұрекен жалғыз түсіп, сайланған.

Ұлт мүддесін қорғаған қазақ зиялылары  ІІ Николайға арналған петиция жазып, өз қолдарын қойған. Петицияны жазуға Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Жақып Ақбаев, Темірғалы Нұрекен белсенді атсалысқан. Осы жұмыста ұйымдастырушылығымен және тікелей авторлығымен көзге түскен - Темірғалы мырза. Ол 1905 жылы 22 шілдеде петицияның бір нұсқасын орыс тіліне аударып, Ішкі істер министрінің атына жіберген.

Темірғалының бабасы туралы Мәшһүр Жүсіп мына­дай нақты мәліметтер келтіреді: «...Қазақ қазақ болғанда, бұл қазақта қажыға ілкі бастап барған Уақ Нұрекен бай. Тоқал қаты­нымен барып, төрт жыл жолаушылықпен жүріп, бесінші жылда қайтып, аман-есен еліне-жұртына келген». Бұған қоса, Нұре­кен қажының Меккеде қазақтарға арнап қонақ­үй салдырған абыройлы ісі де ел аузында жиі айтылады.

 

0 пікір