Павлодар: Айт намазында 3 бөлмелі пәтер табыс етілді
Павлодар: Айт намазында 3 бөлмелі пәтер табыс етілді
05.06.2019 08:23
374
0

Павлодар өңірініде  барлық мешіттерде Ораза айт намазы таңғы сағат 07.00 де  басталды. Қала орталығындағы  жеті  мешітке қарай мұсылмандар толассыз ағылып жатты. Облыстық орталық «Мәшһүр Жүсіп» зәулім мешітінде Айт намазы басталардан жарты сағат бұрын  өкіл имам Жолдас Қоспақұлы  уағызды бастап та кетті. Өкіл имам барша жұртты Айт мерекесімен құттықтап:  «Ардақты ағайын. Мінекей, мейірімі шексіз Алланың қалауымен қасиетті Рамазан айын өткердік, ұлық мереке – Ораза айтына да жеттік. Сіздерді шын жүректен осы бір ерекше күнмен құттықтаймын. Бұл иісі мұсылман жұрты үшін құрметті болған, қадірлі һәм қасиетті мейрам. Бүгінгі шара – сіздердің, халықтың осы мерекені шынайы сезініп, ықыласпен тойлатып, дүбірлетіп, мәз-мейрам, шат-шадыман күйде өткізсін деген ниетпен жасалып отыр. Мерекелеріңіз мүбәрак болғай,- деді. Келесі кезекте  өкіл имам «Ел үлесі-пәтерге!» науқаны бойынша Павлодар  облысы жамағаты атынан көп балалы, жалғызбасты анаға Ақсу қаласынан  толық жөндеуден өткен, үй жиһаздарымен жабдықталған 3 бөлмелі пәтер кілтін табыс етіп, осы сауапты шараның жүзеге асуына барынша үлес қосқан жамағат қауымына ерекше алғысын айтты. Ай бойы Алланың разылығы үшін ашқұрсақ жүріп, көзді харамнан, құлақты өсек тыңдаудан, тілді ғайбат сөйлеуден тыйып, көңілі тазарған мұсылман Алла Тағалаға сансыз шүкіршілік ретінде Ораза айты күні екі рәкат намаз оқып, тәкбір айтып, дұға жасады.

Ұлық мерекеде мерейіміз тасып, келесі жылға аман- есен жетейік! Ораза Айты құтты болсын!

Амантай ТОЙШЫБАЙҰЛЫ

 

 

0 пікір