ӨТКЕНГЕ ҚҰРМЕТ-БҮГІНГЕ ӨНЕГЕ
ӨТКЕНГЕ ҚҰРМЕТ-БҮГІНГЕ ӨНЕГЕ
10.03.2023 11:09
417
0

ҚМДБ-ның 2023  жылы басымдылық беретін бес бағыт аясында атқаратын іс-шаралар жоспары бойынша әр өңірден шыққан ақын-жыраулардың, би-шешендер мен Алаш зиялыларының еңбектеріндегі дін жайлы қозғалған тақырыптарды зерделеу мақсатында облыстық «Мәшһүр Жүсіп» мешіті мен Ақсу қалалық мешіті бірлесіп дөңгелек үстел ұйымдастырды.

Дөңгелек үстелге Ақсу ауданына қарасты барлық аудан мешітінің имамдары мен жамағаты, Ақсу қаласындағы Жаяу Муса атындағы колледж студенттері, көнекөз қарттар мен аналар қатысты. Сонымен қатар, Ақсу қалалық әкімдігінің лауазымды қызметшілері де болды.

Алғашқы сөзді алған Павлодар облысының бас имамы Жолдас Қоспақұлы аталмыш іс-шараның мақсаты мен мәнін қатысушыларға түсіндірді. Келесі кезекте Ақсу қалалық Жалмұқан қария және Баскөл аулының мұғалімі Ескендіров Берік,  Ақсу қаласының тұрғыны Қанатбек Құрманғалиұлы, Павлодарлық Амантай Тойшыбайұлы қатарлы үлкендер Ертіс-Баян өңірінде өткен дін ғұламалары, халыққа діни қызмет атқарып танымал болған тұлғалар мен ата –бабалары туралы кеңінен ой толғады.

«Павлодар өңірінің Ислам руханиятының тарихы» кітабының авторы Амантай Тойшыбайұлы өз сөзінде: «Сонау бір қиын-қыстау кезеңде Ертіс-Баян өңірінде атақты Мәшһүр Жүсіппен қатар оның замандастары Ғабдылуақит Тіленшіұлы, Сейдулла қажы Түйтебекұлы, Хамариддин хазірет Бижомартұлы, Тәтентай хазірет Тәңірбергенұлы, Ақбалық хазірет Бытыұлы, Нұрғали хазірет Боташұлы,  Бейіс хазірет Тәктенұлы, Темірғалы қажы Түйтеұлы, Бәстем хазірет Айтқожаұлы қатарлы қазақ қоғамындағы дін ғұламалары ислам дінінің рухани құндылықтарын дәріптеп, асыл дінімізді ұлтымыздың менталитеті және тұрмыстық ерекшелігімізге сай бейімдеп саф күйінде халық   санасына құйып берді. 

Солар және солар секілді бабаларымыз иман, обал, сауап, қанағат, сабыр, ысырап, ынсап, арам, адал секілді толып жатқан қасиетті ұғымдарды қазақ ұлтының жүрек төріне орнықтырды. Міне солар қазақ санасына бір Аллаға деген сенімді нығайтып, қасиетті дініміз бен қасиетті ұғымдарды қазақи тұрғыда ұлтының жан-жүрегіне сіңірді.

Біздің ұрпақ солардың арқасында кеңес жүйесіндегі дінсіз қоғамда ғасырға жуық тізерлеген кезімізде де ұлттығымызды жоғалтпағанымыз үшін оларға қарыздар екенімізді жадымыздан шығармауымыз қажет.»,-деп қорытындылады.

 

0 пікір