Ораза Айт-құтты мереке
Ораза Айт-құтты мереке
16.06.2018 12:02
1595
0

Ораза Айт мейрамы Павлодар өңірінде ерекше салтанатпен тойланып өтті. Таңертең сағат 07.00-де басталған Айт намазында мешіт ішінде халықтың көптігінен ине шаншар орын болмады. ҚМДБ-ның Павлодар  облысы өкіл имамы Жолдас Қоспақұлы жиналған қауымды Ораза айтпен құттықтап,  Айт мерекесінің тағылымдық маңызы жайлы танымдық насихат айтты. Ораза айтының мән-маңызын түсіндірді, бабалар рухына Құран бағыштады. Бұдан соң жамағатпен айт намазы оқылды.

 Қасиетті жұма күніне тұспа - тұс келген бұл күні  жұма намазынан кейін сағат 14.00-тен кешкі сағат 18.00-ге дейін   «Мәшһүр Жүсіп» мешітінің кең ауласында «ОРАЗА АЙТ – ҚҰТТЫ МЕРЕКЕ»  атты рухани-мәдени, ислами-спорттық шара кең ауқымда ұйымдастырылды. Мешіт ауласында арнайы сахна жасалып, көрермендерге орындықтар қойылды. Балаларға әртүрлі ойын батуттары тегін орнатылды. Спорттық шаралар жүргізілетін алаңдар жасалып,  арқан тарту, 16 келілік гір тасы, қол күресіне арналған үстел, спортшылардың өнер көрсетуіне арналған кілем (мат) қойылды. Шара басталғанға дейін сахнада діни өлеңдер айтылып, Құран Кәрім сүрелері оқылып тұрды.

 Алдымен сөз алған өкіл имам Жолдас Қоспақұлы: «Қасиетті Рамазан айының аяқталғанын білдіретін Ораза айт – мейірімділіктің, игіліктің, бірліктің, ізеттіліктің, қайырымдылықтың, достық пен шаттықтың мерекесі. Ораза айт ұлттар мен ұлыстарды ынтымаққа ұйыстырады. Иманды күшейтіп, кеңпейіл, бауырмал, қонақжай халқымызды жақсылыққа, қайырлы іс жасауға жетелейді.  30 күн оразада халқымыз ыждаһаттылықпен ауыз бекітті. Ауызашарлар мен қайырымдылық іс-шаралар ұйымдастырылды. Ел игілігі үшін қызмет етіп жүрген көптеген азаматтар жақсылыққа үлес қосып, сауабы мол амалдарға атсалысты. Осындай жомарт жандардың баршасына «Алла разы болсын»,-деді өкіл имам.

Келесі кезекте «Әйел-қыздар секторының» ұйымдастыруымен әжелер мерекелік шашу шашып, халқымыздың игі дәстүрінен  шағын көрністер ойнап  көрсетті. Сәлем беру, сәлемдесу, тұсау кесу туралы көріністер болды.Арқан тарту, кір тасын көтеру қатарлы сайыстарға жастар белсенді қатысып, білек күшімен бәсекелестерін жеңіп алған командалар арнайы сыйлықтармен марапатталды.Әсіресе, қазақша күрес ойыны  жоғары деңгейде өтті.

Әншілер ән шырқап, күйшілер күй тербеді. Биылғы жазғы діни сауат ашу курсында оқып жатқан мектеп жасының  балалары арасында  сахнада Құран сайысы, иләһи әндер және сұрақ-жауап, діни өлеңдерді жатқа айту сайыстарй өткізілді. 

ҚМДБ-ның қарамағындағы 9 медресенің бірі, Павлодар облысындағы "Әбу Бәкір Сыддық" медресесін биылғы оқу жылы тәмамдаған11 шәкірттерді жиналған қауымға таныстырып, елімізге, дінімзге бар күш-жігерімен еңбек етеді деген сеніммен салтанатты түрде диплом  табыстады.

Сонымен қатар Рамазан айымыздың басында «Мәшһүр Жүсіп» мешіті, қазақ даласында асыл дініміздің ақ жалауы болған діндар, ғұлама, дана Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы бабамыздың туғанына 160 жыл толуына орай жастар жамағаты мен имамдар арасында жариялаған «Бабалар даналығы», «Даналар дауысы» тақырыптары бойынша мақала мен уағыз жазудан шығармашылық бәйге жариялаған болатын. Сол бәйгенің қортындысын осы сахнада жариялап, жеңімпіздардың жүлдесін табыстады. Бәйгеге  жастар жамағаты арасындағы номинация  бойынша 40-тың үстінде шығарма сайысқа түссе,  қала, аудан, кент, ауыл имамдары арасында жариялаған  номинациясы бойынша ғибратты-танымдық  уағыздан 20-ның үстінде шығарма бәйгеге түсіп, солардың ішінен бағы жанған жүлдегерлер жүлдеге ие болды. Мұнда, жамағат пен жастар арасында жариялаған «бабалар даналығы»  номинациясы бойынша  Қуандық Зере  атты магистрант қарындасымыз бірінші орын, ал Абзал Қабдраш, Айбек Оралхан есімді журналитер 2-3 орындарға ие болып арнайы диплом,160 мың, 100 мың, 70 мың теңге, Шайхимов Мирас, Курымбаева Мөлдір, Төлепберген Адай, Досжан Мұратбекұлы,Сабирхан Айжан есімді мешіт жамағаттары мен жастар, студенттер диплом, ақшалай сыйлықтармен  марапатталды. Ал «Даналар дауысы» тақырыбында облыс имамдары мен мешіт қызметшілері арасында жарияланған танымдық-уағыз мақаласында Омаров  Әбдімүтәли ( Ақсу қаласы мешітінің бас имамы),  Шарманов Қуаныш («Мәшһүр Жүсіп» мешітінің ұстазы), Әділ Райынбек (Шарбақты ауданының бас имамы) –тер алғашқы үш орынды иеленіп әрқайсысы арнайы диплом, 160 мың, 100 мың, 70 мың теңге сыйлығына ие болса,   Клышев Әбілқайыр (қалалық «Ақмешіт» мешітінің наиб имамы), Матаев Дулат(қалалық «Бижан» мешітінің наиб имамы), Утепов Асхат(«Мәшһүр Жүсіп» мешітінің наиб имамы)-тар диплом ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды. Мәдени,спорттық шаралар аяқтала келе халыққа  30 қазан палау,  нан, бауырсақ, сусындар таратылып, дастархан жайылды.

Баршамызды Ораза Айт мерекесіне аман-есен жеткізген Алла Тағалаға сансыз шүкірлер мен мадақтар болсын. Сізге Павлодар қалалық мешіттері мен жамағаты ұйымдастырған «Ораза Айт – құтты мереке» атты рухани-мәдени, ислами-спорттық шараға белсене қатысқан қала халқына алғысымызды білдіреміз. Алла Тағала тілеген тілектеріңізді, жасаған құлшылық-ғибадаттарыңызды қабыл болсын! Жаратқан Иеміз баршамызға екі дүниенің бақытын нәсіп етсін! Қош-сау болыңыздар!

 

 

 

«Мәшһүр Жүсіп» мешітінің баспасөз қызметі.

 

 

 

 

 

 

 

0 пікір