ОҚО әкімі «Нұр-Мүбарак» Египет Ислам мәдениеті университетінің ректорымен кездесті
ОҚО әкімі «Нұр-Мүбарак» Египет Ислам мәдениеті университетінің ректорымен кездесті
08.06.2015 11:35
1269
0

ОҚО әкімі Асқар Мырзахметов «Нұр-Мүбарак» Египет Ислам мәдениеті университетінің ректоры, профессор, доктор Жуда Абдулғани Басюнимен кездесті.

Кездесу барысында Асқар Исабекұлы «Нұр-Мүбарак» Египет Ислам мәдениеті университеті еліміздегі дін негіздерін оқытып, теолог мамандарды даярлайтын бірден-бір жоғары оқу орны екендігіне назар аударып, білім ордасы басшылығының өңірімізбен әріптестік байланыс орнатуға деген ниетін жоғары бағалап, алғыс білдірді. Кездесу барысында өңір басшысы Оңтүстік Қазақстан облысы еліміздегі халқы ең көп шоғырланған және тұрғындардың басым көпшілігі Ислам дінін ұстанған өңір екендігіне көңіл бөлді. Соңғы жылдары жастарымыздың дінге деген бетбұрысы қарқынды деген бағалаған облыс әкімі қоғамдағы діни үйлесімділіктің негізі – халықтың жоғары діни сауаттылығында деді. Осы бағытта Ислам мәдениеті мен өркениетін жете білетін мамандар даярлау өзекті міндет екендігіне тоқталды. Өз кезегінде университет ректоры Жуда Абдулғани Басюни облыс әкімдігі тарапынан қоғамдағы дінаралық татулық пен үйлесімділікті сақтауда атқарылған жұмыстарды жоғары бағалады. Өңір басшылығының ұсынысымен әзірленіп, көременге жол тартқан «Біз Құранды білеміз бе?» телебағдарламасы желісі осы бағытта атқарылған игі жұмыстың нәтижесі деді. Қолға алған оң бастаманың жалғасы ретінде араб тілін оқып, үйрену орталығын ашу жөніндегі ұсынысын білдірді. Ғалымның ұсыныс-пікірін зер сала тыңдаған облыс әкімі бұл мәселе алдағы уақытта қаралып, тиісті шешім қабылданады деді.

0 пікір