Өкіл имам телеарнаға сұхбат берді
Өкіл имам телеарнаға сұхбат берді
05.09.2018 18:12
1295
0

Кеше ғана қасиетті  парызын орындап келген өкіл имам Бертімұратов Жолдас қажы  Павлодар қалалық «Ирбис» телеарнасының «Иман нұры» бағдарламасы арқылы  Исламның 5 парызының бірі болған қажылық туралы сұхбат берді. Өкіл имам Жолдас қажы Қоспақұлы  сұхбатында қажылық жасаудың парыз екендігі туралы айта келе биылғы жылғы қажылық маусымының ерекшелігі, еліміз, облысымыздың Меккеге барған мұсылмандардың Алла Тағаланың міндет еткен қасиетті парызын толығымен орындап, түгелдей аман –есен елін оралғанын айтты. Сонымен қатар қажылық-қыдыру емес, Жаратқанның парызы екендігі туралы түсіндірді. Өкіл имам өз сөзінде:

-Жалпы, қажылық деген – сән-сал­та­натымен серуендеу, қызықтап қыдыру емес, қиындығы мен машақаты қыруар, орын­далуы ауыр, әрбір мұсылманның жауап­кершілігі жоғары парызы әрі Жаратқан Алланың сынағы. Сондықтан қажылық – адамды сабырлылық пен төзімділікке, шыдамдылық пен шүкіршілікке, кіші­пейілдік пен ізгілікке тәрбиелейтін теңдесі жоқ құлшылық рәсімі. Ислам ғалымдары қажылықты дұрыс атқарған адамның бақи дүниедегі сыйы жәннат екенін, ал фәни дүниедегі сыйы ретінде үзілмейтін ризық пен кедейліктің ауылынан алыс болуы, сонымен қатар күллі күнә-кемшіліктердің кешіріліп, мүминнің анадан жаңа туған сәбидей пәк қалыпқа түсетіні жайлы Мұхаммед(с.ғ.с) Пайғамбар хадистерінде айтыл­ғандығын насихаттайды. Міне, сон­дық­тан Құдайдың қасиетті еткен қаласына қадам басып баратын азамат­тарымыз өзде­рінің амандығымен бірге еліміздің де береке-бірліген тілей отырып, асқан ұйым­шылдықпен барып келуде»,-деді.

Мұсылманның бес парызының бірі сана­латын осы бір парызды өтеу – әркімге бұйыра бермейтін мүмкіндік. Биыл сол мүмкіндікке қол жет­кізу үшін министрлік өкілдерімен бірлесе, еліміздің бас мүфтиі Серікбай қажы Сатыбалдыұлы өзі басқарып барып, 3 мың квота алып берді.  Үш мың квотаны Қазақстан мұсыл­мандары діни басқармасы 18 туристік фирмаға бөліп берді. Елімізде қажылыққа баруға кез келген азамат кезексіз және бірнеше мәрте бара алады. Мәселен, 210 млн мұсылман тұратын Индонезияда аза­маттар қажылыққа бару кезегін 6 жылға жуық күтеді екен. Ал Түркияда кезекте жүз мыңдай мұсылмандар тұрса, Өзбекстанда бұл кезекті бес жыл, Тәжікстан мен Қырғызстанда 2-3 жыл күтуде. Тіпті Сауд Арабиясының өзінде Меккеден басқа қалалардан қажылыққа бес жылда бір рет келуге ғана рұқсат етіледі екен.

 ҚМДБ-ы жанынан қажылық сапарын ұйым­дастырумен айналысатын арнайы Қажылық миссиясы құрылған,  биылдан бастап ҚМДБ-ның қажы­лыққа енгізген  бір жаңалығы – бірың­ғай үлгіде киім киді. Бұған дейін әр фирма өздері тіктіріп, қажыларымыз әртүрлі киініп баратын. Енді олардың киімі негізінен ақ түсті болады. Әйел адамдардың көк түсті күртешесі бар. Киімнің артында «Қазақстан» деп жазылған. Бір жағында, ҚМДБ логотипі тұрады, екінші жағына әр турфирма өз бел­гісін қоя алады. Оң жақ иығында Қа­зақстан туының суреті бейнеленген. Бұл да – үлкен бір жетістік. Мекке, Мәдинаға сапар шегiп, қажылық парыздарын өтеу бақытына ие болған бауырларымыздың қатарында елімiздi мекен еткен 26 ұлттан тұратын отандастары­мыз түгел қамтылған. Биыл қажылыққа барған 12-95 жас аралығын­дағы азаматтар арасында елiмiзге танымал қоғам қайраткерлерi, ғылыми зиялы өкiлдерi, өнер жұлдыздары да бар. Олардың көпшiлiгi қасиеттi Мекке, Мәдинадан оралған соң, жас ұрпаққа рухани тәрбие беруге өз үлестерін қосатын болады»,-деп бітірді өкіл имам Жолдас қажы Қоспақұлы өз сөзін.

 

Амантай ТОЙШЫБАЙҰЛЫ

 

 

 

0 пікір