Өкіл имам студенттермен кездесті
Өкіл имам студенттермен кездесті
05.12.2018 10:23
1318
0

Павлодар аймағы жоғары білімді діни мамандарға  зәру өңірлердің бірі. Павлодар облысынан бүгінде «Нұр Мүбарак» қазақ –египет ислам  мәдениет университетінде 30-дан астам студент білім алуда.

Жуырда  облыс өкіл имамы Жолдас Қоспақұлы осы университетте болып, жерлес студенттердің басын қосып кездесті. Кездесуге «Нұр Мүбаракта» оқып жатқан Павлодарлық жастар түгелдей жиналды. Өкіл имам олардың әрқайсысының жағдайы, оқу барысы, үлгерімімен жекелей танысып, өтініш-тілектерін тыңдап, оларға  ҚМДБ-ның Павлодар облысы өкілдігі тарапынан жасалып жатқан әлеуметтік қолдаулар, алдағы аманат-міндеттер туралы  айтты.

Сонымен қатар өкіл имам студенттерге аймақтағы діни ахуалмен таныстырып, білікті мамандардың қажеттігін алға тартты. Жолдас Қоспақұлы: «Университет түлектері тек имамдық салаға ғана емес, түзеу мекемелері, департамент, қылмыстық-атқару жүйесі департаменттері, ұлттық қауіпсіздік комитеттеріне сұраныс артуда. Ел арасындағы жат ағым жетегіндегілермен күресуде жоғары білімді мамандардың мерейі үстем түсуде.  Сондықтан ел руханияты үшін белсене іске кірісетін жас мамандар ауадай қажет. Алла жолында, ел игілігі үшін, имандылықты арттыру үшін еңбек еткен азаматтың да мерейі үстем болатынын өмір дәлелдеп келеді»,- деді бас имам.

Осындай жағдайларды алға тартқан павлодарлық өкіл имам болашақ түлектерді өзінің туған өңіріне қызмет ету аса қажетті екендігін түсіндірді.

Осылайша  павлодарлық студенттердің басын біріктіріп, ел ішіндегі ахуалмен бөліскен бас имам   әлеуметтік қолдау жағын әлі де қарастыратынын жеткізді.  Тіпті болашақта оқу ақысына жәрдем беру мәселесін де қарастырамыз,- деді өкіл имам.

Студенттер арасында магистратуралық бағдарламамен оқуын жалғастыруды да көздейтіндер баршылық екен.

«2019 жыл-Жастар жылы. Сондықтан да жастарға  артылар сенім де, үміт пен міндет те орасан»,- деп бітірді сөзін Жолдас Қоспақұлы.

 

Амантай ТОЙШЫБАЙҰЛЫ

 

 

0 пікір