Өкіл имам «Ертіс» және «Ирбис» телеарналарында (ФОТО)
Өкіл имам «Ертіс» және «Ирбис» телеарналарында (ФОТО)
17.05.2018 12:06
1010
0

ҚМДБ-ның Павлодар облысы бойынша өкіл имамы Бертымұратов Жолдас қасиетті Рамазан айының алғашқы күні   облыстық «Ертіс» телеарнасының «Руханият» бағдарламасы және қалалық «Ирбис» телеарнасының «Иман нұры» бағдарламаларында қонақта болды. Өкіл имам бұл экрандар арқылы   облыс халқын,  мұсылман бауырларын  қасиетті Рамазан айына аман-есен жеткізген Алла Тағалаға сансыз шүкірлер айтып,  мүбәрак Рамазан айының келуімен құттықтады.

Арықарай  өкіл имам Жолдас Қоспақұлы Рамазан айының ерекшелігіне байланысты журналистерден қойған  әртүрлі сұрақтарға жан-жақты толық жауап берді. Сонымен қатар Рамазан – он екі айдың сұлтаны, берекелі де кешірімі мол ай екендігін,  Алланың мейірімі төгіліп, жұмақтың есігі айқара ашылатын, иманды күшейтуге мүмкіндік берілген берекелі ай екендігі туралы түсіндіріп айтты.

Өкіл имам өз сөзін: «Ораза – күндіз тек ішіп-жеуден өзін шектеу деген сөз емес. Ораза – рухтың азығы, тәннің шипасы. Рамазан жан мен тәнді рухани тазартатын, мұсылман үшін үлкен сабыр мектебі. Аузы берік жандар әдеп білмес пенделердің өзіне жасаған кейбір оғаш іс-әрекеттерін көріп, тұрпайы сөздерін естісе де: «Мен оразамын», – деген бір ауыз сөзбен нәпсісіне тоқтау салып, сабыр сақтайды. Ал сабыр иесіне берілетін сый – жәннат. Оразаны рухани тұрғыдан сезінген жан Алланың теңдессіз сыйынан шет қалғысы келмейтіні хақ.

Рақым айы – Рамазан құтты болсын! Қасиетті айда ұстаған оразамыз, жасаған дұға-тілектеріміз, құлшылық-ғибадаттарымыз, әрбір қайырлы амалдарымыз қабыл болғай! Алла Тағала отбасымызға амандық, жұмысымызға береке-бірлік нәсіп еткей!

Тәуелсіздігіміз баянды, еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай!»,-деп бітірді.

 

Қасиетті Рамазан айының алдағы күндерінде де осындай сұхбаттар жалғасын таба беретін болады.

 

«Мәшһүр Жүсіп» мешітінің баспасөз қызметі

0 пікір