ӨКІЛ ИМАМ ЕРТІС АУДАНЫНДА БОЛДЫ
ӨКІЛ ИМАМ ЕРТІС АУДАНЫНДА БОЛДЫ
03.10.2019 15:43
560
0

Осы аптада Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының Павлодар облысы бойынша өкіл имамы Жолдас қажы Қоспақұлы жұмыс сапарымен Ертіс ауданында болды.

Өкіл имам алдымен Ертіс ауданының әкімі Аян Бейсекинмен кездесті. Жолдас қажы Қоспақұлы тағайындалғанына көп уақыт бола қоймаған жаңа әкімді қызметімен құттықтап, жұмысына жеміс тіледі.

Өз кезегінде Ертіс ауданының әкімі ауданға қарасты мешіттерге барынша қолдау көрсетілетінін жеткізді.

Кездесу барысында мешіт имамдарына еңбекақы төлеу, мешіт құжаттарын реттеу, қысқыға қажетті отынмен қамту, өзара әріптестік мәселелері сөз болып, талқыланды.

Бұдан кейін өкіл имамы Голубовка ауылына атбасын бұрып, елді мекенде салынып жатқан жаңа мешіттің құрылысымен танысты. Мешіт аталған ауылдағы «Абай» шаруа қожалығының басшысы Николай Миллердің демеушілігімен салынып жатыр.

Сондай-ақ Жолдас қажы Қоспақұлы аудан орталығында жергілікті жастармен, оқушылармен кездесу өткізді. Кездесуде жастарды жиі толғандыратын тақырыптар төңірегінде әңгіме қозғалды. Жиын соңында шараға қатысушылар екі тілде еркін көсіліп, көптің көкейіндегі мәселелерді дөп басып айтқан өкіл имамға ризашылықтарын білдірді.

«Мәшһүр Жүсіп» орталық мешітінің баспасөз қызметі

0 пікір