Облыстық «Шоң би оқулары» өткізілді
Облыстық «Шоң би оқулары» өткізілді
07.06.2019 12:00
518
0

Павлодар қаласында елінің қорғаны, ұлтының ұстыны, Баянауыл сыртқы округінің алғашқы аға сұлтаны, «Төртуыл» одағының төбе биі болған Шоң би Едігеұлының есімін ұрпақ жадында жаңғырту мақсатында «Облыстық Шоң би оқулары» өткізілді. Байқауды «Мәшһүр Жүсіп» қоры мен «Ертіс дарыны» өңірлік қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы ұйымдастырды.

Шоң бидің туғанына 265 жыл толуына байланысты Елбасы Н. Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласының «Ұлы Даланың ұлы есімдері» жобасын жүзеге асыру аясында ұйымдастырылған облыстық оқуларда өңіріміздің қалалары мен аудандарынан іріктелген, білімі мен дарынын байқатқан  жас талапкерлер бағын сынады.

Шоң би – тарихи болмысы бөлек тұлға. Сұлтандар «хан» тұқымынан болсын деген заңды бұзып, Баянауыл сыртқы округіне қарапайым қазақ арасынан алғаш аға сұлтан болған адам. Сондай-ақ жиырмасыншы ғасырдың 40-50 жылдары қазақ ғылымы дами бастады. Сол қазақ ғылымының басында баянауылдықтар көп болды. Оны көбі Баянауылдың табиғатымен байланыстырады. Табиғаттың бұған қатысы жоқ. Әйтпесе елімізде табиғаты керемет жер жетеді. Бұл содан 100 жыл бұрын өмір сүрген Шоң, Шорман билердің саясаты. Олар қабілетті қазақ балаларын орысша оқытқан. Соның нәтижесі уақыт өткеннен кейін бұрқ етіп, ел алдына шықты. Оны кейінгі ұрпағы да жалғастырды. Сол себепті, бұл кісінің қазақ үшін сіңірген еңбегі зор. Соған лайық ұлықталуы тиіс.

Шоң Едігеұлы туралы Қалмұхан Исабаев ағамыз «Шоң би» деген трилогия жазып кеткен, - дейді «Мәшһүр Жүсіп» қорының президенті Ертай Жүсіпов. – Деректі фильмдер түсірілген. Ал, оқулар ешқашан өтпеген. Сондықтан біз Абай оқулары, Махамбет оқулары сияқты өткізуді жөн көрдік. Өйткені облысымыздағы жастар қандай бабасы болғанын білсін дедік. Тұлғаларға зәру болып қалған заманда елі үшін жасаған қызметтері тәрбиелік жағынан үлгі болатындай. Жалпы, бұл шара оқушыларға ғана емес, халқымызға керек. Шоң би дегенде біз сол кездегі қазақтың болмысын, билер институтын, қазақ қоғамын, өмір сүру жағдайын көреміз. Не сот, не прокурор, не түрме болмаған заманда бәрін ұйымдастырған билердің институты еді. Қазір ақын, батырларды еске алу шаралары көбейді де, билердің рөлін төмендетіп алдық немесе кеш қолға алдық. Сол олқылықтың орынын толтырмақпыз. Билердің барлығы жастарға үлгі. Тұлғаларға қарап ұрпақ өмірде халыққа жаны ашитын азаматтар қандай болу керек, қандай ақыл айту, қандай шешім шығару керектігін тани алады.

Облысымыздағы ғалымдар мен зиялы қауым өкілдерінен құралған қазылар алқасының шешімі бойынша «Тест сұрақтарына жауап беру» номинациясында Павлодар қаласына қарасты Мойылды ауылы №38 мектебінің 7-сынып оқушысы Шоң Абдуллин жеңімпаз атанды. «

Эссе жазу» номинациясында Павлодар қаласындағы дарынды балаларға арналған №3 гимназиясының 6-сынып оқушысы Ұлжан Төлеубай және «Арнаймын жыр маржанын бабаларға» жас ақындар номинациясында Екібастұз қаласы С.Торайғыров атындағы №22 гимназия-мектебінің 8-сынып оқушысы Бексұлтан Қайдаров бас жүлдені жеңіп алды.

Шоң би оқуларында 5-сыныптан жоғары 50-ге жуық оқушы бақ сынады.

 

 

 

Амантай ТОЙШЫБАЙҰЛЫ

 

 

 

0 пікір