Облыс мешіттері жалпыхалықтық сенбілікке қатысты
Облыс мешіттері жалпыхалықтық сенбілікке қатысты
13.10.2019 15:30
341
0

12 қазан күні Павлодар облысының тұрғындары жалпыхалықтық сенбілікке қатысты. Өңірдегі қалалық, аудандық, ауылдық мешіттер де ауқымды шарадан шет қалған жоқ. Бұл күні облыстағы әр мешіттің ауласы тазартылып, ретке келтірілді.

«Мәшһүр Жүсіп» орталық мешітіндегі сенбілікке мешіт қызметкерлері мен жамағаты, еріктілер мен «Әбу Бәкір Сыддық» медіресесінің шәкірттері қатысты.

«Мешіт – Алланың үйі, құлшылық һәм қоғамдық орын. Мешітте жамағатпен құлшылық жасау – аса сауапты іс. Демек, мешіт – Жаратушы мен  сүйікті құлдарын тығыз байланыстыратын мекен. Ендеше, мешіт тазалығына ерекше көңіл бөлінуі керек. Өйткені, «Тазалық – иманның жартысы» деп хадисте айтылған. Тазалық шарасына «Әбу Бәкір Сыддық» медресесінің шәкірттері, «Мәшһүр Жүсіп» мешітінің еріктілері және мешіт қызметкерлері сондай ақ, мешіттегі күнделікті намазға келіп жүрген жамағат ат салысты. Олар мешіт ауласын сыпырып, жапрақтарын жинап, сыртқы тазалықты қамтамасыз етіп жатқанда, Әйел-қыздар бөлімі шәкірттері мен әйел жамағаттары, ұстаздары мешіттің ішіне тазалық жүргізіп, өз үлестерін қосты. Сенбілікке атсалысқан жандардың бәріне ризашылығымызды білдіреміз. Ислам діні ең әуелі адамды рухани һәм материалдық ластықтан арылтуды көздейді. Алланы танып құлшылық жасауда, рухани танымын өсіруде, тән тазалығымен қоса, құлшылық жасайтын мекеннің де таза болуы міндетті», – дейді «Мәшһүр Жүсіп» орталық мешітінің ұстазы Ақжол Исабек.

Тазалық шарасы өңірдің барлық мешітінде жалғасын тапты.

0 пікір