Облыс әкімі ауызашарға қатысты
Облыс әкімі ауызашарға қатысты
22.06.2015 13:18
846
0

Рамазан айының алғашқы күні биыл да жылдағы дәстүрмен ораза ұстаушыларға «Қызылжар» орталық мешітінде ауызашар берілді. Ауызашарға облыс әкімі Ерік Сұлтанов және барлық атқарушы билік органдарының басшылары, БАҚ, зиялы қауым өкілдері, кәсіпкерлер мен ораза ұстаушы мешіт жамағаты шақырылды. 

Ораза рәсімі Құран аяттарын оқумен басталды. «Қызылжар» орталық мешітінің бас имамы Кенжетай қажы Байкемелұлы мешіт жамағатын айлардың сұлтаны Рамазан айымен құттықтап, адам баласын тақуалыққа, кемелдікке жеткізуге бастайтын ерекше ғибадат – оразаға арналған Бас мүфтидің Үндеуін жиналғандарға тағы бір мәрте жеткізді. Өз кезегінде облыс әкімі Ерік Хамзаұлы сөз алып, Құран аяттары түскен айдың мұсылмандар үшін мән-маңызының артықшылығына тоқталды. Облыстың бас имамы ауызашар соныңда «Түрі басқа болса да тілегі бір, тілі басқа болса да жүрегі бір» өзге ұлт өкілдерінің еліміздегі татулықты нығайтуға өзіндік үлес қосып отырғандығын атап өтіп, этно-мәдени орталықтардың жетекшілеріне ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының атынан Алғыс хат табыстады. Жақсылықтар мен сауаптардың сансыз еселеніп жазылар айында жоқ-жітікке көмектесіп, тұрмысы төмендерге қол ұшын беріп, қайырымдылық жасап жүрген және ауызашарға демеушілік көрсеткен жергілікті кәсіпкер Сермұхамед Оралұлына Бас имам өз атынан Алғыс хат табыс етті.

Рамазан айында мешітке келгендерге Ораза жайлы, ауыз ашудың тәртібі түсіндірілген және «Мұсылманның шынайы келбеті» атты арнайы буклеттер, биылғы Имамдар форумында қабылданған Тұғырнама, Тұжырымдама құжаттарының кітапшалары тегін таратылды.

Айгүл ЫСҚАҚОВА,
СҚО «Қызылжар» орталық мешітінің баспасөз хатшысы
muftyat.kz

0 пікір