МҮТКЕНОВ АУЛЫНДА ЖАҢА МЕШІТ АШЫЛДЫ
МҮТКЕНОВ АУЛЫНДА ЖАҢА МЕШІТ АШЫЛДЫ
29.11.2021 11:03
1117
0

Павлодар облысы, Ақтоғай ауданына қарасты Мүткенов ауылының құрылғанына 90 жыл болды. Ауыл кеңестер одағының батыры Серікбай Мүткеновтің атымен аталған. Осы ауылға  биылғы ел  Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мерекесі қарсаңында күмбезі мен мұнарасы келіскен жаңа  мешіт ашылды.

Мешіт 200 адамға арналған, екі мұнаралы, күмбезді, имам бөлмесі, дәрісхана, әйелдер намаз оқитын бөлме,  дәрет алатын орын, киім ілетін дәлізі бар.

Мешіттің салтанатты ашылуына  облыстың бас имамы Жолдас қажы Қоспақұлы, Ақтоғай ауданының бас имамы Ахметолла қажы Жандарбекұлы,  Ақтоғай ауданының әкімі Қ. Арынов  және басқа да ел алдында жүрген азаматтар қатысып, ауыл халқын жаңа мешіттің ашылуымен құттықтап, мешіттің игілікті істердің бастамашысы болып, иманды да ибалы жастарды тәрбиелеп шығаруға ұйытқы болатынын айта келе, мешіт құрылысының  бой көтеруіне қатысқан белсенді азаматтарға марапат хат, сый-сияпаттар табыстады.

Салтанатты шараға қатысқан барлық ресми өкілдер кезегімен сөз алып, халықты береке-бірлікке шақырса, ауыл ақсақалдары ақбатасын беріп, ақжаулықты аналар шашу шашып, ізгі ниеттерін білдірді.

Келесі кезекте ауылдық мәдениет үйінде ауыл халқының  ақ дастарханы жайылып, жылы лебіздер айтылып, ақ баталар беріліп, аудан өнерпаздарының  имандылық ордасы ашылуына орай арнайы дайындаған мәдени-рухани шаралары жалғасын тапты.

 «Өткен жылы басталған мешіттің құрылысына Қазақстанның түкпір-түкпірінде, сондай-ақ жақын және алыс шетелдерде тұратын ауыл тумалары мен жергілікті ауылдық округінің  тұрғындары түгелдей өз үлестерін қосты. Әлбетте, бұл игі істің бастамашысы болып, ұйымдастырып, ұйыстырған азаматтар болды. Осының нәтижесінде мешіт құрылысы толық аяқталып, ел игілігіне ұсынылды», -дейді облыс бас имамы Жолдас Қоспақұлы.

 

 

0 пікір