МИЛЛЕР МЕШІТ САЛЫП ЖАТЫР (ФОТО)
МИЛЛЕР МЕШІТ САЛЫП ЖАТЫР (ФОТО)
03.10.2019 11:31
721
0

Біздің өңірде Миллерді білмейтін адам кемде кем. Миллер деп отырғанымыз Ертіс ауданының Голубовка ауылындағы «Абай» шаруа қожалығының басшысы Николай Александрович Миллер. Ол бір мыңға жуық халқы бар ауылдың дамуын өз қолына алған. Тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Тұрмысқа қажеттінің бәрін өз ауылдарында өндіреді.

Осыдан біршама уақыт бұрын Николай Миллер ауылдастарымен ақылдаса отырып, жергілікті мұсылмандар үшін мешіт, ал православ христиандары үшін шіркеу салуды қолға алған-ды. Бүгінде екі нысанның да құрылысы аяқталуға жақын. Осы аптада Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының Павлодар облысындағы өкіл имамы Жолдас қажы Қоспақұлы Ертіс ауданына жасаған сапары барысында Голубовкаға арнайы барып, жаңа мешіттің құрылысымен танысты.

«Қос бірдей құлшылық орнының құрылысын қатар бастадық. Қазір негізгі жұмыстар толық аяқталды. Ендігісі ұсақ-түйек шаруалар. Десе де, мешіт пен шіркеудің нақты қашан ашылатынын айта алмаймын. Уәде бергім келмейді. Құдайдың дегені болады», – дейді Николай Миллер.

Оның айтуынша, мешіт орталықтандырылған жылу құбырына қосылаған. Сондықтан бұл жағынан мәселе туындамайды.

«Менің қарамағымда Өзбекстаннан келген жұмысшылар бар. Олар отбасымен бірге осы ауылда тұрып жатыр. Міне, соларға мешіт құрылысын сеніп тапсырдым. Олар да бір ауызға сөзге келмей, дереу кірісті», – дейді шаруашылық иесі.

Николай Миллер мешіттің ауласына қазірдің өзінде түрлі ағаштар мен жеміс-жидектер отырғызылғанын атап өтті.

«Құрылыс жұмыстары өте тиянақты жүрді. Құрылысшылар да ыждаһаттылықпен жұмыс істеді. Анда-санда келіп тексеріп кетіп жүрдім. Бәрі көңілімнен шықты», – деді ол.

Бұл ретте, Алла үйі Қазан мешіттерінің стилі бойынша салынғанын атап өткен жөн.

«Бірқатар мешіттің үлгілерін көрдік. Бізге татарлардың, яғни Қазан қаласындағы мешіттердің үлгісі ұнады. Сол себепті аталған стильді таңдадық», – дейді Николай Миллер.

Өз кезегінде Жолдас қажы Қоспақұлы шаруашылық басшысына ризашылығын білдіріп, мешітті тіркеу жұмыстарына барынша қолдау көрсететінін жеткізді.

Бұдан кейін Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының Павлодар облысындағы өкіл имамы жергілікті тұрғындармен кездесті.

«Ауылдарыңызда мешіттің салынып жатқаны өте жақсы-ақ. Алайда, мешіт қаңырап бос тұрмауы керек. Пайдалануға берілген соң, мешітке келіп намаз оқыңыздар, білім алыңыздар. Балаларыңызды, немерелеріңізді діни сауат ашуға жіберіңіздер. Мешіті бар, азан шақырылып, намаз оқылатын елді мекенде береке, бірлік салтанат құратынын ұмытпаңыздар», – деді Жолдас қажы Қоспақұлы.

«Мәшһүр Жүсіп» орталық мешітінің баспасөз қызметі    

0 пікір