МЕШІТ ҰЖЫМЫ ҚАМ КӨҢІЛ ҚАРТТАРДЫ ҚҰТТЫҚТАП ҚАЙТТЫ
МЕШІТ ҰЖЫМЫ ҚАМ КӨҢІЛ ҚАРТТАРДЫ ҚҰТТЫҚТАП ҚАЙТТЫ
28.09.2019 15:19
308
0

«Мәшһүр Жүсіп» орталық мешітінің ұжымы халықаралық қарттар күні қарсаңында Павлодар қаласындағы қарттар үйіндегі қам көңіл қарияларды мерекемен құттықтап қайтты.

Шараға қатысқан Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының Павлодар облысы бойынша өкіл имамы Жолдас қажы Қоспақұлы орталықта тұрып жатқан қарияларға уағыз-насихат айтып, сабырлылық тіледі.

Тағдырдың салған тауқыметіне төзіп, мемлекеттің қамқорлығына алынған қарттарға концерттік бағдарлама ұсынылды. Атап айтқанда, белгілі айтыскер ақын Қуанышбек Шарманов авторлық термелерін орындаса, Құмарбек Есен, Әбілғани Есімхан, Еркінбек Саяхат сынды жас өнерпаздар әннен шашу шашты.

Павлодар облысының қарттар мен мүгедектерге арналған жалпы үлгідегі арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының директоры Айман Қосдәулетова қарттарды концерттік бағдарламамен арнайы құттықтап келген мешіт ұжымы мен жергілікті өнерпаздарға зор ризашылығын білдіріп, алғыс айтты.

«Биыл біздің орталықта қарттар күніне арналған шаралардың алғашқысын «Мәшһүр Жүсіп» орталық мешіті ұйымдастырып отыр. Біз мұны жақсылыққа балап отырмыз. Өйткені, тағдырдың өзі сынақ берген ата-әжелерге мұндай рухани кездесулер ауадай қажет. Осындай шаралар көптеп ұйымдастырылса екен дейміз. Өйткені, мұндағы қарттарға дүние-мүлік, азық-түлік қажет емес. Оларға мейірім пен жылулық қана керек», – дейді Айман Қосдәулетова.

Ақжол ИСАБЕК,

«Мәшһүр Жүсіп» орталық мешітінің ұстазы.

0 пікір