МЕШІТ ШӘКІРТТЕРІ САЙЫСҚА ТҮСТІ (ФОТО)
МЕШІТ ШӘКІРТТЕРІ САЙЫСҚА ТҮСТІ (ФОТО)
10.11.2019 15:29
931
0

Жастар жылы аясында «Мәшһүр Жүсіп» орталық мешітінде «Иманды жас – ұлт болашағы» атты білім сайысы ұйымдастырылды. Оған облысымыздың әр түкпірінен келген 35 үміткер қатысып, өзара мықтыны анықтады.

Сайыс екі кезеннен тұрды. Бірінші кезеңде қатысушылар фиқһ және ақида пәндерінен дайындалған тест сұрақтарына жауап берді. Бірінші кезеңде жоғары ұпай жинап, ерекше көзге түскендер екінші кезеңге өтті. Бұл кезде Пайғамбарымыздың өмірінен және Құран Кәрімнен сұрақтар қойылды.

«Үміткерлер жақсы дайындықпен келіпті. Жүлделі орын алған қатысушыларға ақшалай сыйлықтар табыс етілді. Сондай-ақ дін туралы кітаптар сыйға тартылды. Қатысушылардың барлығына дипломдар мен алғыс хаттар үлестірілді. Сайысқа қатысқан шәкірттерге, оларды баптаған ұстаздарға ризашылығымызды білдіреміз. Сонымен қатар, жүлделі орындар тағайындау үшін демеушілік танытқан жомарт жандарға алғыс айтамыз», – дейді сайыстың ұйымдастырушысы Ақжол Исабек.

Сайыс қорытындысы бойынша бірінші орынды «Мәшһүр Жүсіп» орталық мешітінің шәкірті Серік Әбдусаттаров иеленді. Екінші орынды Ақсу қаласынан келген Құмарбек Аманбек місе тұтты. Үшінші орын Мұрат Базарбайға бұйырды. Ол – Майқайың кентінің шәкірті.

Сайыстың ашылу рәсіміне қатысқан Павлодар облысының бас имамы Жолдас қажы Қоспақұлы бұл сайысты дәстүрлі шараға айналдыру керек екенін жеткізді.

Еске сала кетейік, шәкірттердің білім деңгейін «Мәшһүр Жүсіп» орталық мешітінің наиб имамы Елбек Қожамұратов, «Мәшһүр Жүсіп» орталық мешітінің наиб имамы – білім-ағарту бөлімінің меңгерушісі Арман Найма, Баянауыл ауданындағы «Мұса мырза» мешітінің ұстазы Берікбай Герман, Павлодар қалалық «Омар әл-Фаруқ» мешітінің бас имамы Есімбек Совет секілді білікті мамандардан құралған қазылар алқасы бағалады. 

0 пікір