«МӘШҺҮР ЖҮСІП» МЕШІТІНІҢ КІТАПХАНАШЫСЫ МАРАПАТТАЛДЫ
«МӘШҺҮР ЖҮСІП» МЕШІТІНІҢ КІТАПХАНАШЫСЫ МАРАПАТТАЛДЫ
31.12.2021 07:21
220
0

Он жылға жуық уақыттан  бері «Мәшһүр Жүсіп» Орталық мешітінде кітапханашы болып қызмет атқарып келе жатқан Шайкенова Назым Ғизатқызы С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханада 40 жылдай еңбек атқарған ардагер кітапханашы.

Мешіт кітапханасының қорында  бүгінгі таңда 10 мыңға жуық діни және дүниауи білімнің кітаптары бар, сонымен қатар «Мәдени мұра» бағдарламасы арқылы жарық көрген 100 томдық, Абай, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп қатарлы ұлт ардақтыларының еңбектерімен қатар, әлемдік және Қазақстандық классиктер, қазақ халқының ауыз әдебиеті-фольклорлық мұралары толығымен жинақталған деуге болады. Кітап қоры күн сайын толыға түсуде.

Назым Ғизатқызы Павлодар облысы  С. Торайғыров атындағы Орталық кітапхананың даму жолында өз қолтаңбасын қалдырған, кітапханалық қордың қалыптасуына, каталогтар мен картотекалардың құрылуына, кітапханалық қызметтің жаңаруына, кітапханалық процестерді автоматтандыруға зор үлес қосқан ардагер,  кітапхана ісінің шебері.

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылық мерекесі қарсаңында Шайкенова Назым Ғизатқызы Қазақстандық Кітапханалық Одағының «Қазақстанның Құрметті Кітапханашысы» төсбелгісімен және Павлодар облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісінің басқармасының құттықтау хатымен марапатталды.

Марапаттау рәсімінде  тіл жанашыры Сәуле Қабдылжапарқызы Османова, С. Торайғыров атындағы облыстық кітапхананың басшысы Шолпан Баянқызы Шахметова, кітапхана басшысының орынбасары Баршагүл Балтағұлқызы Байжановалар кітапханашы ардагер Назым Ғизатқызының еңбек жолы, адамдық қасиеттері туралы жылы лебіздерін білдірді.

Ардагер  апайымызды 70 жасқа келген мерейтойымен қоса, алған марапатымен шын жүректен құттықтап, зор  денсаулық, отбасыңа амандық тілейміз!

 

0 пікір