Мәшһүр Жүсіп баба мұралары насихатталуда (ФОТО)
Мәшһүр Жүсіп баба мұралары насихатталуда (ФОТО)
16.03.2018 12:31
1718
0

Павлодар қаласындағы Бұқар жырау атындағы Әдебиет және өнер мұражайында Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің 160 жылдығына арналып наурыз айының 15, 16, 17-і күндері  «Ғұлама тағылымы» атты тақырыптық көрме өтуде. Көрменің салтанатты ашылуына  облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ардақ Райымбеков:

-Бұл көрме Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ашылуда. Бұдан да басқа осы жылы тамыз айында республикалық ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылады. Баянауылдың өзінде айтыс, конференция, Мәшһүр оқулары және тағы басқа шаралар өткізіледі,-десе  Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің немересі, ақынның мемориалдық мұражайының басшысы Қажымұқан Пазылов көне қолжазбалардың халық назарына ұсынылып отырғанына қуанышты екенін жеткізді.

 - Атамызды қазақ «әулие» деп атайды. Кезінде хәкім Абайдың өзі «Мен де ақын, Мәшһүр Жүсіп те ақын. Бірақ Мәшһүр Жүсіп құдайға жақын», деп айтып кеткен. Шынында атамыздың дінге жақындығы басым. Осындай шара ұйымдастырып отырған Бұқар жырау атындағы музейге алғыс білдіремін,-деді.

ҚР БҒМ ҒК «Ғылым ордасы» ғылыми кітапхана меңгерушісі Қарлығаш Қаймақбаева көрмеге әкелінген жәдігерлер жөнінде баяндады.

 - Өз көздеріңізбен көрсін деп көне 25 қолжазбасын әкеліп отырмыз. Кейбір жазбалар 500 беттен асады. 1907 жылы Қазан қаласында шыққан, алайда, цензурадан өтпей қалған және сол үшін Мәшһүр Жүсіп Қазақстанның батыс жағына кетуге тура келген үш кітабы бар. «Хал ахуал», «Сарыарқаның кімдікі екені» және «Тіршілік» деп аталатын сол кітаптарды да ала келдік. Тәуелсіздік жылдарында да жарық көрген кітаптар әкелінді. Осы еңбектердің электронды нұсқасын музей қорына сыйға тартпақпыз. Айта кетейік, көне қолжазбалармен бірге Ескелді шатқалындағы мемориалдық музейінен әкелінген ақынның жеке заттары - құран, мұстек қобдишасымен, жез леген, кісе белбеу, кұмажнек, шақшалары, көзілдірігі көрмеге қойылған.

«Мәшһүр Жүсіп» мешітінің баспасөз қызметі

0 пікір