МАЙҚАРАҒАЙДА МЕШІТ АШЫЛДЫ
МАЙҚАРАҒАЙДА МЕШІТ АШЫЛДЫ
11.07.2019 16:01
932
0

Павлодар облысы тағы бір жаңа ғибадат орнымен толықты. Шілде  айының 9 жұлдызында  Аққулы ауданы Майқарағай ауылында жаңадан намазхана ашылу рәсімі салтанатты түрде аталып өтті. Ауыл тұрғындарын қуанышқа бөлеген жиынға ҚМДБ-ның  Павлодар облысының өкіл имамы Жолдас қажы Қоспақұлы, Аққулы аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы, ауыл әкімі, құрметті қарттар, ақсақалдар мен апалар және көрші аудан, ауылдардан имамдар келіп қатысты.

Жолдас қажы Қоспақұлы ауыл тұрғындарын ғибадат орнының ашылуымен құттықтап, ізгілік пен қайырымдылықтың ғасырлар бойы өшпейтінін айта келе, игі іске ат салысқан барша азаматтарға алғысын білдіріп, алғыс хаттар табытады. Сондай-ақ, Павлодар өңіріндегі мешіттердің көбейіп келе жатқандығы алдымен мемлекеттің қолдауымен жүзеге асып жатса, екіншіден, бейбіт елімізде Ислам дінінің өркен жайып келе жатқандығының көрінісі екенін жеткізді. 

Көрші Шарбақты ауданының бас имам Әділ Райымбек бастап барлық ауыл имамдары бір-бір кілем сыйға тартты. Ал Аққулы ауданы мешіті  аталмыш намазхананың әйелдерге арналған бөлмесін  жабдықтады.

Ауыл аса үлкен болмаса да, 100-140 адамға арналған жаңа намазхана әйелдер мен ерлер залы, имамға арналған бөлме,  ас әзірлейтін және жуынатын, дәрет алатын орны  бар.

Майқарағай ауылын қуанышқа бөлеген ізгі шараны  өнерпаздар иләһи ән-күйлер, өлең-жырлармен көріктендірсе , ақ жаулықты әжелердің қуанышқа арналған шашуы шашылды.

Жаңа нысанның лентасын өкіл имам Жолдас Қоспақұлы ауылдың қадірлі азаматтарымен бірге қиып, имандылық ордасының іші мұсылман жамағатына толуына тілек білдірді. Жиын соңында ауыл адамдарына ас берілді. 

 

Амантай ТОЙШЫБАЙҰЛЫ

0 пікір