Майқайыңдағы Құрбан Айт мейрамы (ФОТО)
Майқайыңдағы Құрбан Айт мейрамы (ФОТО)
06.09.2017 13:44
305
0

       Қасиетті күндердің ұлығы Құрбан айт мейрамын  Майқайың кентінде  ұлықтап өткізу туралы ұсынысын мешіт имамы Солдат Бодаубек  Майқайың кентіне жуырда ғана әкім болып сайланған Аханов Сұңқар Нұртайұлына таныстырды. Жаңа кент әкімі Сұңқар Нұртайұлы ұсынысты қуана қабылдады және «Майқайың кентінде діни, халықтық мерекелердің жоғары деңгейде ұйымдастырылып жүргенін мен сырттай жақсы білемін, алдағы уақытта сол деңгейінен әсте бір төмен түсірмеймін»,- деп мерекелік шараны ұйымдастыруды қолға алды.   Мерекелік шараға басты жауапкершілік кент әкімшілігінің әдіскері Шахметова Бақытқа тапсырылды.

       Мешіт жанына орын дайындау, безендіру, мерекелік шараны басқару  «Кенші» мәдениет үйіне тиесілі болды.

       Құрбан айты кезінде халыққа қызмет етуге кент әкімшілігі мамандарына, мерекелік дастарханға қызмет етуге Майқайыңдық 10 мекеме ұжымына өтініш етілді.

       Арнайы құрбан шалатын жерді ұйымдастыру, контейнер қою, ол жерді тазалау жергілікті КСК директоры Байғұлов Айдынға жүктелді. Мерекені өткізу ұсақ-түйектеріне дейін тәпіштеліп, мекемелерге, азаматтарға бөлініп берілді.

        Қыркүйектің 1-і, яғни, айттың 1-күні таңнан мешіт мұнарасындағы Құран үнімен Майқайың халқы мешітке ағылды. Сағат 07.30 көпшілік мешіт ауласында арнайы дайындалған орында айт намазына сапқа тұрды. Хұтпада қалың қауым имаммен бірге Алла Тағаланы ұлықтап тәкбір айтты. Құрбан айт, құрбандықтың мән-жайы туралы хұтпадан кейін мұсылман қауымды Майқайың кентінің әкімі Сұңқар Нұртайұлы құттықтады. Осыдан кейін айт мейрамын басқарушы асаба: «Уа,  құрметті мұсылман қауым, араларыңызда құрбан айт құрметіне құттықтау тілек айтатындарыңыз болса, құрметпен сахнаға шақырамын»,-деп хабарландыру айтты. Сахнаға Баянауыл ауданының құрметті азаматтары Абенов Мұхтар Зәпішұлы мен Жасылғұсова Шолпан Аусағитқызы көтеріліп: «Атеистік қоғамнан кейін Аллаға бет бұрған мынау қоғамға және қауымға разы екендіктерін білдіріп, Аллаға мың да бір шүкір», айтты.

Айт намазына жамағаттың алдымен келген Мүтәлімхан ақсақалға ұйымдастыру алқасы тағайындаған «Айтқа алдымен келуші» сыйлығы тарту етілді. Айт намазына сонау Ауғаныстаннан келіп қызықтаған кәсіпкер Мухаммед Саххардың Қазақ елі туралы пікірін тыңдап, оған да алла разылығы үшін сыйлық берілді.

        Айт намазы аяқталысымен Құрбан шалу рәсімі басталып, 40-қа жуық отбасы құрбан еттерімен қамтамасыз етілді.

        Өткен ата-баба аруағына зиярат етушілерге 08.00 ден 12.00 ге дейін автобус қызмет етті. Құрбан айттың құрметіне тігілген киіз үй, ет-сорпа, палау пісіруге арналып көтеріліп буы бұрқыраған қазан, бауырсақ пісірген ыстық қазанның шыжылы, айтқа келген жас сәбилердің дауысы мешіт ауласын мерекелік көңіл күйге бөледі.

         Сағат 09.00 - 10.00 аралығында арнайы сахнада жергілікті мәдениет үйі дайындаған ғасырдан ғасырға ұласып келе жатқан қазақтың ән-күй өнерінен мерекелік бағдарлама  салтанат құрды.

Сағат 10.00 басталған қазақтың ұлттық ойындары, атап айтсақ, балалар және ересектер арасында «Қазақ күресі», «Ат ағаш үстіндегі жекпе-жек», «Жаяу көкпар», «Асық ату» сайыстары тойға жиналған қауымды қызыққа кенелтті.

10 мекеменің дастарқаны сағат 11.00-ден бастап мерекелік шара аяқталғанға 13.30-ға дейін айтшыл қауымға үлкен тайқазандарға дайындалған ет-сорпа, ыстық палау, ыстық бауырсақ, тандыр нан, тәтті кәмпит мешіт ауласында молынан ішіп жеуге қызмет етті.

Сағат 10.30-да жергілікті кәсіпкер Шолпан сонау Алматыдан арнайы алдырған ойыншықтарын үлестіріп жас сәбилерімізді бір мәз-мейрам қылды.

Сағат 10.55-те Құрбан айттың қадір қасиетін жас жүректерге  ұялатуға негізделген «Балаларға балмұздақ» бағдарламасы іске қосылып 600 дана балмұздақ кішкентай айтшылардың құмарынан шықты.

Балаларға арналып құрылған «Алтыбақан» мен «Батут» та кішкентайладың көңілін көтерді.  

           Алланы ұлықтап айт намазын оқып, құрбан айт мерекелік шарасына қатысып, спорттық сайыстардың қызығын тамашалап, сорпа ішіп, палау жеп, айт шайын ішкен  қалың қауым көтеріңкі көңіл-күймен үйлеріне қайтты. Көңілге әр түрлі ой салған қасиетті Құрбан айт мерекесі жүректерде Жаратушы Иесіне деген бір махаббат ұшқынын жарқ еткізіп бірнеше сағаттардың ішінде осылайша өте шықты.

           Құрбан айт мейрамын осылай ойда қаларлықтай ұйымдастырған  Майқайың кентінің әкімі Аханов С.Н., Имамымыз СолдатБ., мерекелік шараны ұйымдасырған әрі дастарханын жайған «Кенші» МҮ ұжымы, басшысы Какимова А, тойшыл қауымға қалтқысыз қызмет еткен Әкімшілік+Өнер мектебі басшысы Батталова Ә, Мешіт ұжымы, №1 ЖОББМ ұжымы басшысы Мажитова С.С, №2 ЖОББМ ұжымы басшысы Басшысы Сүлейменов Е.С, Майқайың-Алтын ААҚ басшысы Ботин.Қ, Керегетас кеніші басшысы Абрамов А.А, «Шағала» бала бақша ұжымы басшысы Қорабаева Т, «Ұшқын» бала бақшасы ұжымы, басшысы Құдабаева.А.Қ,  Аурухана ұжымы басшысы Зверов С, спорттық шараларды ұйымдастырған Жасыбай спорт кешені басшысы Шарипжанов Ө.А, айтқа дайындық жасасып, айт күні таң сәріден кеш батқанға дейін қызмет етіп көптің көңілінен шыққан Майқайың мешітінің жас намазхандары барлығына шалған құрбандарыңыз, шашуларыңыз Алланың алдында қабыл, мұраттарыңыз асыл болып, сіздер көптің көңілін көтеруге тырыссаңыздар, сіздердің көңілдеріңізді Аллаһ көтерсін деген тілектеміз!

***

           Айттың екінші күні Майқайың кентінің іргесіндегі кішкентай ауыл «Үшқұлын» ауылында 16,00 де құрбан айт мерекесі жалғасын тапты. «А, Құдай» десіп құрбандықтарын шалған үшқұлындық мұсылман қауым да салтанатты шаралар мен спорттық бағдарламалар, атап айтсақ білек күші сынға түсетін «қол күресі», «кір тасын көтеру», «арқан тартыс» сынды ұлттық ойындармен  өрілген ізгі шараны ауыл болып атқарып, соңынан Үшқұлын ауылдық клубында мерекелік дастархан жайып, жоғары деңгейде атап өтті.

***

           Айттың үшінші күні айт мерекесі Майқайың мешітінің асханасында жалғасты. Намазхан әйелдер бөлімі ұйымдастырған ауқымды шараға аналар мен балалар шақырылды. Әр түрлі отбасылық жарыстар мен арнайы шақырылған клоундармен көмкерілген айт бағдарламасы өте қызықты болып жас балақайлар мәз болып тарқасты.

 

Майқайыңдық айтшыл қауым атынан «Кенші» МҮ әдіскері

Майлыбай Бердігүл.

Үшқұлын ауылдық клубының көркемдік жетекшісі Байұзақұлы Қазыбек

0 пікір