Майқайыңдағы мәуліт
Майқайыңдағы мәуліт
27.12.2016 08:40
879
0

Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) туған күніне орай Майқайың мешітінде желтоқсанның 23-жұлдызы  қасиетті жұма күні мерекелік шара өткізілді. Шараға қатысуға арнайы шақырулар  балалар және олардың ата-анасы мен  қамқоршыларына таратылды. Мәуліт күнін атап өтуіне байланысты  мерекелік  жиынға жиналған мектеп оқушылары, ата-аналар, ұстаздар мен кент тұрғындары алдында  алғашқы сөз кезегін мешіт имамы Солдат Бодаубек бастап кетті. Имам өткізізіліп жатқан шараның мақсатын айтып,  Пайғамбардың өмірі туралы қысқаша әңгімелеп, көркем мінезінің қасиеттері жайлы сүйсіне отырып баяндады.  Балаларға болашақта өз елінің өркендеуіне  үлесін қосар нағыз отансүйгіш азамат болуларына шынайы тілегін білдірді.

     Әрі қарай мерекелік шара шеңберінде балалар арасында «Аллаһтың Елшісі – Мұхаммед с.ғ.с » атты білім сайысы өткізілді. Сайыстың мақсаты - сайысқа қатысушылардың  танымдық қабілеттерін арттыра отырып, асыл дініміз - Ислам мен пайғамбарымыз Мұхаммедті (с.ғ.с.) құрметтеуге баулу. Мешіт ұстазы Мұхит Айгүл  сайыстың өткізу барысы, кезеңдері жайлы қысқаша айтып түсіндірді.

       Бірінші кезең - іріктеу кезеңі.  «Отан сүю – иманнан» демекші,  бұл кезеңнің сұрақтары еліміздің тарихымен байланысты болды. Сұраққа дұрыс жауап берген жиырма бала ортаға шығарылды. Сайыстың келесі кезеңдерінде сұрақтар асыл дініміз бен пайғамбардың өміріне қатысты болды. Алғашқы білім сынынан  сүрінбей өткен қатысушылардан он бала ғана сұраққа дұрыс  жауап бере отырып, сайыстың келесі кезеңіне қатысуға мүмкіндік алды. Келесі  кезеңде он қатысушыдан сұрақтарға екі дұрыс жауабы бар бес бала   алға шығып, ақтық сайысқа қатысты. Ақтық сайыста әр қатысушыға жеке-жеке отыз сұраққа екі минут ішінде жауап беруге ұсынылды. Белгіленген уақыт – екі минут өткен соң ойын тоқтатылып /сұрақтардың оқылуының тоқтатылуы/, дұрыс жауаптары саналды.Ұпайлары әрқайсының сұрақ-жауап қағазына белгіленді.

     Қорытындылау кезеңінде жеңімпаздарды атамас бұрын, жиынға келген кішкентай бүлдіршіндер 5 жастағы Қожабергенов Исмаил  Исламның бес парызын атап, жатқа білетін қасиетті Құранның  «Фатиха», «Ықылас», «Кәусар» сияқты сүрелерін  6 жастағы Қаһарманқызы Хадижа екеуі кезектесіп оқыды.Бүлдіршіндерге сый ретінде «Пайғамбарлар хиқаясы» атты кітаптары табысталды. Тағы да өз білімдерін ортаға салғысы келген  балалар ортаға шығарылды. Бірісі - араб әліппесін жатқа айтса, келесілері өздері жатқа білетін Құранның «Фатиха» т.б. сүрелерін оқыды.

  Марапаттау кезеңінде  мешіт қызметкері - Дүрбетхан Тілеген сайысқа белсенді қатысушыларына, мектептің  бастауыш сынып оқушылары – Байболат Нұрсұлтан мен Болат Әлібекке мадақтама мен сыйлығын табыстады. Содан соң үшінші орын иесі-Тоқтамұрат Нұралы (4- сынып оқушысы), екінші орын иесі – Байболат Аяулым (5-сынып оқушысы), ал бірінші орын иесі (6-сынып оқушысы) Бүркіт Алдияр сияқты білім сайысының жеңімпаздарына  мадақтама мен  «Жүрек төрінен орын алған теңдессіз тұлға – Мұхаммед (с.ғ.с) атты үлкен кітаптар т.б сыйлықтар табыс етілді.

   Шараның соңында арнайы шақырулармен келген әртүрлі әлеуметтік топ отбасыларынан келген және мешітімізде дәріс алып жүрген 70 оқушыға  әрқайсысына алдын ала әзірлеген сыйлық сумкалар таратылды. Сумкалардың ішінде оқушылардың жас ерекшеліктеріне сай   тәтті-кәмпиттер,  ойыншықтар және оқу құралдары салынған.

Пайғамбарға салауат пен сәлем жолдап, әрі сайысқа қатысып, әрқайсысы сыйлық алған жас сәбилер ата-ана, ұстаздарымен бірге мәре-сәре болып үйлеріне қайтты.

  Жалпы осы жылғы рабиғул әууал айы басталғалы мешіт имамы Солдат Бодаубек үлкен-үлкен 6 жиында 20 минуттан Пайғамбарымыз туылған айы туралы мәлімет беріп, ол туралы аһли сүннет ғалымдарының көзқарастарын  Алланың Елшісіне салауат айту деген не екендігін және ең қысқа салауатты қалай айту керек екендігін мұсылман қауымға түсіндірді.

 

Майқайың мешітінің ұстазы

Мұхит Айгүл Мұхитқызы

0 пікір