Жастар мен зиялы қауым өкілдеріне ауызашар берілді
Жастар мен зиялы қауым өкілдеріне ауызашар берілді
24.06.2015 10:41
1140
0

Жыл сайынғы үрдіспен биыл да Маңғыстау облыстық орталық мешітінде күнделікті ауызашар дастарханы жайылып, арнайы қонақтар шақырылуда. Рамазанның алғашқы күні облысымыздағы Жас Отан жастар қанатының мүшелері, қоғамдық істерге белсене ат салысып жүрген жастар шақырылса, екінші күні өңірдің зиялы қауым өкілдері ауызашар дастарханының қонағы болды. Олардың қатарында Алқажан Еділхан, Мұхамбет Жүнбасов, Нияз Тобыш, Рза Оңғарбай, Қамбар Оразов, Зәкіржан Кәлкенбай секілді ел ағалары өздерінің жүрекжарды лебіздерін білдіріп, Рамазан айымен құттықтады.

Өкіл имам С.Сейтбеков рамазанның қасиеті жайында уағыз айтты. Ислам құндылықтарын, қазақтың дәстүрімен сабақтасқан дін асылын әңгіме еткен үлкендер өзара пікірлесіп, өз ойларын жеткізді.

Дастархан соңында игі жақсылар бата жасап, ел тыныштығының баянды болуын, иманды ұрпақ көбейіп, еліміз асыл мұраттарға қол жеткізсін деп тілек тіледі.

Еліміздің Бас мүфтиі Ержан қажы Малғажыұлының тапсырмасына орай рамазанның әр күні өңірдегі әр түрлі сала адамдары қонақ етіліп, сондай-ақ, мұқтаж жанұялар мен көп балалы отбасылар да шақырылмақ.

Бүгінде орталық мешіт ауласына 3 киіз үй тігілген. Оның екеуінде күнде мешіт жамағатына ауызашар берілсе, біреуі арнайы қонақтарға арналған.

Маңғыстау облыстық орталық мешітінің баспасөз қызметі

 
0 пікір