Жарасымды отбасы
Жарасымды отбасы
17.05.2019 18:22
327
0

Мамыр айының 15 жұлдызы күні Халықаралық отбасы күніне орай орталық «Ержан» мешітінің жанынан ашылған «Аналар алқасы» клубы мен аудандық орталық кітапхана қызметкерлерінің ұйымдастыруымен және аудандық ішкі саясат бөлімінің демеушілігімен жас отбасылары, жоғары сынып оқушылары, Аналар алқасының «Руханият» бірлестігінің мүшелері арасында «Жарасымды отбасы» атты саналы тәрбиеге толы дөңгелек үстел өтті.

Асыл сөздің маржандарын теріп, ұрпағына үлгі-өнегенің дәнін терең еге біліп, тәрбиені ұлттық тал бесігімізде тербеген Рүстембековтар, Ибрагимовтар және Қаухай әулеті отбасы мүшелері кештің қадірлі де қадірменді қонағы болды.

«Отбасы – бақыт мекені» атауымен аталған кітап көрмесі бүгінгі жас отбасының ертеңгі үлгі-өнегесіне жол сілтерін айғақтай түсті.

Жоғарыда аталған мереке түрі 1993 жылдан бері Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясының бастамасымен жыл сайын тойланып келеді. Отбасы – адамзаттың баға жетпес байлығы – ол барлық заманда даму мен тұрақтылықтың негізгі факторы, мемлекеттің нығаюы мен халықтың әл-ауқатының жақсаруына тікелей әсер етуші фактор болып табылады. Отынына деген сүйіспеншілігі алдымен ата-ананың ықпалымен қалыптасады. «Дәулет – есіктен, ақыл – бесіктен кіреді» демекші, тәрбие бесігі отбасынан бастау алады. Отбасының екі тірегі - әлпештеген әке мен аялаған ана екенін кеш жүргізішісі, «Аналар» алқасының төрайымы Жұмаш Сләнбекова көпшілік санасына жеткізді.

Отбасындағы бала тәрбиесі мен отбасының құндылықтары жайында Қарақұдық ауылынан ат арылтып келген Рүстембекова Баян әже өз пікірін ортаға салды. Асыл әжеміз отбасында ұстанатын ұлттық дәстүрлерді жіліктеп берді. Бар баласына адами қасиеттің тамырын бойлата білген ақжаулықты анамыз көпшіліктің сұрауымен халықтың «Сәулем-ай» әнін табиғи әсем әуенімен мәнеріне салды.

Келесі кезекте 4 бала тәрбиелеп өсіріп, бәрінен де ұрпақ сүйіп, немере-шөберелерінің маңдайынан иіскеп отырған қадірлі ана, керемет әже Мүгілсім Ибрагимова әжеміз ғибратты ойларымен бөлісіп, өткен өмір белестерінің тағылымын жіпке тізді.

Мүгілсім әже қасиетті мекен әулиелі Ақкөл жерінің Исабек Ишан ата әулетінің ұрпағы. Ата-ененің тәрбиесін көріп, баталарын алған аяулы әже босағадан биік тау жоқ екенін ел есіне салып, аналық асыл сөздерін бүгінгі ұрпақ санасына жеткізді. Асыл анамыздың балалары Қимадиден, Қалауиден, Тәңірберген, қызы Құралай ауданымызға белгілі кәсіпкерлер.

Әжеміздің қолындағы кіші келіні, бес баланың анасы Сәния отбасы бірлігі мен татулығын алға тартты. Немересі Әмина ән салып, көпшілік қошаметіне бөленді.

Қызылжар ауылынан келген Қаухайлар отбасы мүшесінің отағасы Айдаубай аға ұлттық тәрбие құдылығы тақырыбын кеңінен ашып, тілі мен дінін, ділін құрметтеген ұрпақ қисық жолға түспейтінін айтып, Рамазан айымен көпшілікті құттықтап, ағалық асыл сөздерімен тербеді.

Отанасы он саусақтан төгілген ұлттық қолөнер туындыларымен тәнті етті.

Шара соңында Төкен апа қажы өмір сырымен бөлісіп, ақ батасын беріп, аудандық орталық «Ержан» мешітінің бас имамы Бақытбек Төлегенұлы тәрбиеге толы қанатты ойларымен атаулы кешті қорытындылады.

Кеш қонақтары мақтау қағаздары және естелік сыйлықтармен марапаттды,  

«Отан отбасынан басталады», - дейді дана халқымыз. Отбасы тәрбиесі – бұл жалпы тәрбиенің ең басты бөлігі, болашақ ұрпақ бойына адамзаттық құндылықтарды және ұлттық рухани байлықтарын сіңіретін тәрбие ошағы. Ендеше, қоғамның ең шағын бейнесі отбасымыздың бірлігі бекем болғанға не жетсін, ағайын!

Ертіс аудандық

«Ертіс нұры» газетінің тілшісі

 Ақылбек Қызкенов.   

 

0 пікір