ЖАМАЛ АПАНЫҢ РУХЫНА БАҒЫШТАЛҒАН ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ШАРА ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫНДА
ЖАМАЛ АПАНЫҢ РУХЫНА БАҒЫШТАЛҒАН ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ШАРА ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫНДА
07.09.2020 12:14
1217
0

Бүгінгі таңда «ЖАҚЫНЫҢА_ЖАНАШЫР_БОЛ!» атты республикалық карантиндік-сақтық шаралары аясында  Алла ризашылығы үшін   жуырда дүние салған анасын еске алу рәсімдерінің орнына мұқтаж отбасыларға қайырымдылық жасауға ниет еткен  Әбдімәлікқызы Бибі-Жамал апаның ұрпақтарының анасының  қырқына арналған қайырымдылық шарасы облыстық орталық «Мәшһүр Жүсіп» мешітінде басталды. 

Шараның мәні мен мағынасын облыс бас имамы Бертымұратов Жолдас жиналған қауымға және БАҚ өкілдеріне түсіндіріп сұхбат берді. Келесі кезекте қайырымдылық пакеттері үлестірілді.

Сонымен қатар бұл шара  облысқа қарасты барлық аудан мешіттерінде де жалғасын табатын болады.

 

 

Аталмыш қайырымдылық шара туралы қысқаша түсінік:

2020 жылдың 1 тамыз күні ел анасы, «Құрмет» орденінің иегері, «Батыр ана» Әбдімәлікқызы Бибі-Жамал апамыз дүниеден өткен еді.  Біз өз тарапымыздан Жамал ананың отбасы мүшелері мен ағайын-туыстарына, ұрпақтарына көңіл айтамыз!

Алла Тағала Құран Кәрімде:

الَّذِينَ إِذَا أَصَابَتْهُم مُّصِيبَةٌ قَالُواْ إِنَّا لِلّهِ وَإِنَّا إِلَيْهِ رَاجِعونَ

«(Мұсылмандар) басына қайғы келсе, олар: «Біз Алланікіміз әрі оған қайтамыз»,-дейді» деген («Бақара»,156-аят). Сондықтан біз Алланың тағдырына көне отырып, аманат жанын Аллаға тапсырған Жамал апамыздың рухы пейіште шалқысын деп дұға етеміз.

Жамаланақандай жанеді?

  • Әбдімәлікқызы Бибі-Жамал апа дүниеге келгеннен ІІ дүниежүзілік соғыстың тоқырауын бастан кешіріп, өзі көпбалалы ана болса да, жүздеген баланы бауырына басып, өсіріп жетілдірді.
  • Мұқтаждың мұңын бөлісіп, ауырғанның жанынан табылып, жабырқағанның көңіліне медеу бола білді. Тірі күнінде әлеуметтік жағдайы төмен 67 отбасыға үйдің кілтін табыстады.
  • Қажылық жасағысы келетін 80 адамды қасиетті мекенге аттандырып, Алланың қонағы болуға себеп болып, жол шығынын өзі көтерді.
  • Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ұйымдастырған республикалық Құран жарыстарында жүлдегерлерге бағалы сыйлықтар үлестіріп, Құран жаттауға жас ұрпақтың қызығушылығын оятты.
  • Әрдайым ел тұрғындары қиын жағдайға ұшыраған кезде алғашқылардан болып халыққа көмек қолын созатын. Мәселен, Арыс қаласындағы жарылыста, Қызылағаш пен Мақтаарал аудандарындағы су тасқаны кезінде қиналғандардың қасынан табылып, оларға демеу болды.

Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Аллаға ең сүйікті пенде – адамдарға көп пайда тигізген адам»деген хадисін үлгі еткен Жамал апа адамдардан қолдан келген жақсылығын аямады.Кішіге ақылшы, жоқ-жітікке жанашыр еді.

Қазіргі таңда жұқпалы індеттің таралуы белең алып, ата дәстүріміздегі жетісі, қырқы, жылдық асы сияқты марқұмның сауабын арттыратын жоралғыларды жүзеге асыру қиынға соғып отыр.

Дегенмен, Жамал апаның жақсылығы ол өмірден өткеннен кейін де тоқтамақ емес. Атап айтқанда, республикалық #Біз_біргеміз, #Жақыныңа_жанашыр_бол! Бастамалары аясында апамыздың ұрпақтары елге үлгі болып, әр облыстан 300, Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларынан 500, барлығы 6300 отбасыға азық-түлік тарату ісін қолға алды. Аталған шара мешіт имамдарының қатысуымен іске асырылуда..

Алла Тағала Құран Кәрімде:

إِنَّمَا نُطْعِمُكُمْ لِوَجْهِ اللَّهِ لَا نُرِيدُ مِنكُمْ جَزَاءً وَلَا شُكُورًا

«Біз сіздерді тек Алла разылығы үшін тамақтандырамыз. Бұл үшін сіздерден қарымта немесе рахмет (шүкір) айтуларыңызды талап етпейміз»,- («Инсан», 9-аят) деген аят бар. Бұл аятта Алла нағыз мұсылман садақа бергенде тек Алладан сауап үміт етіп, разылығын табу үшін беретіндігін әрі берген садақасы үшін адамдардан қарымта ретінде ештеңе сұрамау қажеттігі айтылады.

Жамал апамыз да тірі күнінде жасаған жақсылықтарын жасырыуға тырысып, міндетсінбейтін еді. Бұл қайырымдылық шарада тек Алланың ризалығын тауып, сауабын Жамал апа рухына бағыштау мақсатында жасалуда.

Халқымыздың басына түскен осы бір нәубет шағында, «ЖАҚЫНЫҢА_ЖАНАШЫР_БОЛ!», «САУЛЫҚ_САҚТЫҚТА!» деген республикалық карантиндік-сақтық шаралары аясында дүние салған туыстарымыздың жетісі, қырық күндік, жылдық және басқа да еске алу рәсімдерінің орнына мүмкіндігінше осы қайырымдылық үлгі болса екен деп тілейміз. Марқұмның жетісі, қырқы, жылдық асы сынды шаралар аясында әркім жағдайы жеткенше мұқтаж отбасыларға қайырымдылық жасай алады.

 

0 пікір