«ИСЛАМ ЖӘНЕ ОТБАСЫ» АТТЫ КЕЗДЕСУ
«ИСЛАМ ЖӘНЕ ОТБАСЫ» АТТЫ КЕЗДЕСУ
03.08.2018 10:06
609
0

Павлодар облысы Ақсу қаласында Ақсу қалалық мешітінің бас имамы Әбдімүтәліп Омаровтың ұйымдастыруымен «Ислам және Отбасы: жұбайлар жарасымы мен бала тәрбиесі» атты кездесу болып өтті. Оған Павлодардағы орталық «Мәшһүр Жүсіп» мешітінде "Әйел-қыздар секторының» Павлодар облысы бойынша өкілі, Мәшһүр Жүсіп мешітінің ұстазы Қарлығаш Қажымәлікқызы, Ақсу қалалық мешітінің ұстазы  Мадина  Мұхамедиярова, мұғалімдер, жастар қатысты.

Кездесу барысында Қазақстанның зайырлы қоғамындағы әйелдің алар орны ерекше екені айтылды. «Отан отбасынан басталады» десек, сол мемлекетімізді, қоғамымызды құрайтын әрбір отбасының діңгегі - ол әйел. Сондықтан әйел тәрбиелі болмай – ұлт тәрбиелі болмайды. Қазақ отбасының ең негізгі құндылықтары – ұлттық дәстүрлерімізді сақтау, үлкендерді сыйлау, ата-ананы құрметтеу, кішілерге қамқорлық көрсету. Адам баласына ең бірінші  құндылық ол – отбасы.  Ал, ол тыныштықты сақтайтын – ана. Аналар үшін өте маңызды кезең – ұлының үйленуі. Осы кезеңдегі ененің міндеті - шаңырақтың табалдырығын аттаған жас келінге қызындай қарап бауырына басу. Жас келінмен және жаңа құдаларымен түсіністікке, сыйластыққа толы қарым-қатынасты қалай орнатуға болады? «Кемшіліксіз адам болмайды. Бірақ оның бәрін тере берсек, түбіне жетпейміз. Сондықтан бір-біріміз туралы жақсы ойда болып, тек жақсы қасиеттерді іздеу қажет. Бір сөзбен айтқанда «Жаманды жасырып, жақсыны асыру». Бұл туыстар арасындағы ең негізгі қағида. Егер бір-біріңізге түсіністікпен қарап, кемшіліктеріңізді кешіріп, адал қарым-қатынаста болсаңыздар, бір-біріңізге деген ыстық ықыластарыңыз арта береді», - деді ол.

Бұл күні Қарлығаш Қажымәлікқызы  Ислам дініндегі әйелдерге жүктелген міндеттері жайында және олардың отбасы мен қоғам алдындағы жауапкершілігі туралы және  Ислам діні мен дәстүрімізді ұштастыра бала тәрбиесі туралы айтты. 

Ақсулық мұғалімдер, жастар көптеген сұрақтар қойып сол жерде тұщымды жауап алды. Тәрбие жөнінде көптеген мәселелер ортаға салынып, талқыланды.

 

 

Ақсу қалалық мешіті

0 пікір