«Ислам және жастар» тақырыбында кездесу өтті
«Ислам және жастар» тақырыбында кездесу өтті
14.02.2019 11:00
1251
0

Ақсу қалалық мешітінің ұйымдастыруымен «Ислам және жастар» тақырыбында  кездесу өтті. Оған  ҚМДБ-ның Павлодар облысы бойынша өкіл имамы Жолдас Бертымұратов, Ақсу қаласының бас имамы Әбдімүтәліп Омаров, найб имамдар, колледж  мұғалімдері мен студенттер қатысты.

 «2019 жыл Жастар жылы» аясында бүгінгі кездесуді ұйымдастырып отырмыз. Жастар – біздің жарқын болашағымыз. Оларға жіті көңіл бөлу, тәрбиелеу дін жетекшілері мен елбасшылары алдындағы негізгі мәселелердің бірі. Бүгінгі жастар имандылыққа жол сілтейтін және олардың жоғалған жан сұлулығы мен әдемі әдептерін қайта қалыптастыратын бағыт-бағдарға өте мұқтаж. Қасиетті дініміз ислам үнемі ойлануды, пікір қорытуды, ілім іздеуді бұйырады. Сондықтан да, біздің жастармен кездесу өткізуіміздің мақсаты – оларға шынайы ислам діні жайлы мағлұматтар беріп, шарттарын түсіндіріп, теріс ағымдағы діндердің жетегінде кетіп қалмаудың алдын алу, – деп түсіндіріп өтті Ақсу қаласы мешітінің бас имамы Әбдімүтәліп Омаров кездесуде. 

Бұдан соң,  өкіл имам Жолдас  Бертымұратов сөз сөйледі: -  Биылғы жыл – Жастар жылы. Сіздер еліміздің болшағысыздар.  Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласы стратегиялық маңызға ие, жасампаз халықтың жарқын болашағын айқындайтын ой-толғам. Рухани ой-толғауда ұлттық құндылықтар, елдік мақсат пен мемлекеттік ұлттық құрылым, қазақ елінің тарихи мұралары жайлы баяндалған. Онда  Ұлттық код туралы басым айтылды. Ол дегеніміз қазақ халқының жаратылысын, табиғатын, рухани бітімін, өмір салтын, дінін, тілін  айқындайтын белгі. Бұдан соң  Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы жарыққа шықты. Ұлы даланың жеті қыры­ның кез келгені – Қазақ елі­нің өміріндегі ерекше мұра. Олар атқа міну мәдениеті,  ұлы даладағы ежелгі металлургия, аң стилі, алтын адам, түрік әлемінің бесігі, ұлы жібек жолы, Қазақстан – алма мен қызғалдықтың отаны. Қазақ елінің ұлт­тық брендіне лайықты алма мен қызғалдақтар, еліміздің аумағында орын алған тарихи жайт қана емес, сонымен қатар әрбір қазақ үшін де аса қымбат құндылықтар. Міне осы жеті құндылықты сіздер жатқа білулеріңіз керек. Сондықтан әр адам өзінің салт-дәстүрін, тілін, дінін құрметтей білу керек. Егер жастар тәрбиелі, иманды, білімді, парасатты, кішіпейіл болса мемлекетіміз мықты болатыны сөзсіз.

Кездесу барысында  бүгінгі таңдағы ғаламтордағы жат ағымдарға итермелейтін бұрыс ақпараттардан сақ болыңыздар дей келе,  жастардың тура жолды таңдауы, ең алдымен сана-сезімнің дұрыс болуы, отбасынадағы тәлім-тәрбие жайында мағлұмат берді.  Жастарды діни тұрғыда арбаудың алдын алу, экстремистік идеологияға қарсы тұрудағы бірлесіп әрекет етудің маңыздылғына тоқталып, дін сауаттылықты қажет ететіні жайында баса айтты. Сондай-ақ, Жолдас Қоспақұлы ағалық ақылын айтып жастарға   білім алу, түрлі теріс ағымдардан сақтану, ата-ананы құрметтеу т.б. тақырыптар төңірегінде сөз қозғады.

Кездесу соңында  Ақсу қаласының бас имамы Әбдімүтәліп Омаров жастардың рухани сауаттылығын дамытып, шынайы дініміз жайында мәлімет берген және Елбасының мақалаларына егжей-тегжейлі тоқталып өткен  Мәшһүр Жүсіп мешітінің бас имамы Жолдас Қоспақұлы алғысын білдіріп, осындай іс-шаралар жалғаса берсін деген тілегін айтты.

 

Ақсу қалалық мешіті

 

0 пікір