«ИСАБЕК ИШАН»» ХАЗІРЕТТІҢ КЕСЕНЕСІНЕ ЗИЯРАТ ЖАСАДЫ
«ИСАБЕК ИШАН»» ХАЗІРЕТТІҢ КЕСЕНЕСІНЕ  ЗИЯРАТ ЖАСАДЫ
23.09.2021 10:13
362
0

Отандық туризмді дамытуға үлес қосу мақсатындағы ҚМДБ-ның «Darhan Dala» жобасыаясында  Ертіс-Баян өңіріндегі Ислам руханиятының қайнар көзі болған Ақкөл-Жайылмадағы Исабек ишан хазіреттің зиратына зиярат жасалды.

Облыстық деңгейде өткен іс-шараға Павлодар облысының бас имамы Бертымұратов Жолдас Қоспақұлы бастаған  қала, аудан имамдары түгелдей қатысты.

Исабек ишан (1792-1871) хазірет дін қызметкері, Ихсан ілмін алғаш таратушылардың ұрпағы, философ, ағартушы, белгілі Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының тәлімгері. Ол кісі ел арасында қасиетімен абыройы жоғары, әулие көріпкел, терең білімді ғалым болыпты. Қазіргі Екібастұз ауданына қарасты  Ақкөл-Жайылма өңірінде  мекен етіп, медресе ашып, мешіт салған. Ол туралы Мәшһүр Жүсіп Көпеев: «Исабектей ишан жоқ бұл Арқада» деп бағалап, Исабек ишан қайтқанда 85 шумақ, 340 жолдан тұратын жоқтау өлең жазған.

Ақкөл-Жайылмадағы Исабек ишан хазірет кесенесі – ақ тастан тұрғызылған екі кесене, мешіт және зиярат етуге келушілерге арналған үйден тұратын кешен. Оның  кейінгі ұрпақтарынан тараған  Жандарбек қожа Солтан қожа, Әшім, Әпсағит қожалар елге мәлім абыройлы адамдар болды.

Бас имам Жолдас Қоспақұлы бүгінде ҚМДБ бастамасымен Ихсан іліміне ерекше көңіл бөлініп жатқанын, оның жаңадан басталған дүние емес, ата-бабамыздың ғасырлар бойы осы ұстанып келген рухани тәрбие жолын екенін тілге тиек етті.  Сонымен қатар  ҚМДБ тарапынан биыл қабылданған «Ас беру мәдениеті», «Зират және зиярат мәдениеті» құжаттарының маңызына тоқталып, халық арасында дін мен дәстүрімізге сай киелі орындарды зиярат ету мәдениетін қалыптастыру, жұртшылыққа шариғат әдебін сақтауды үйрету имамдардың міндеті екендігін тілге тиек етті.

Кесене басында имамдар Исабек ишанның өмірбаяны, Ислам жолында атқарған еңбегімен жете танысып,  Құран хатім етіп, ел-жұртқа  жақсылықтар тілеген дұғалар жасады.

 

 

0 пікір