«Имани жаз» сауат ашу курсы аяқталды
«Имани жаз» сауат ашу курсы аяқталды
02.07.2019 09:34
1496
0

Павлодарда мектеп оқушыларының жазғы демалысы кезінде «Имани жаз» тақырыбы бойынша олардың діни сауатын жетілдіруге арналған бір айлық курсы маусым айының соңғы күні аяқталды. Курске белсене қатысып, білім алған балаларға  өкіл  имам  Жолдас Қоспақұлы «Мәшһүр Жүсіп» мешітінде салтанатты жағдайда арнайы  сертификат табыстады.

 «Биыл сабаққа 40-тан астам жас өспірім ұл бала қатысты. Бір ай уақытқа созылған балалардың жазғы имани сауат ашу курсы өз мәресіне жетіп, Құран, дұға, намаз, сүре жаттап, әдептілік тәлім-тәрбие алып, руханияттың қалыптасу жолына түсті. «Мәшһүр Жүсіп» мешітінің «Зекет» қоры және жақсылыққа жәрдем берген жомарт жандардың көмегімен «Мешіттен сыйлық!» атты   түрлі оқу құралдарымен, ой өрісті дамытатын есептік тақтайшалар,  спорттық құрал жабдықтар, жас балаларға түрлі, қызықты ойыншықтар шәкірттерге сыйға берілді. Бұл үрдіс мешітімізде  жыл сайын дәстүрлі түрде жалғасын тауып келе жатқан дәстүр. Сабақ берген  ұстаздарға  ата-аналар алғысын айтты», -дейді мешіт ұстазы Ақжол Исабекұлы.

Ал ұстаз Ақерке Тұрғынбай былай деді: «Мәшһүр Жүсіп» мешітінің      "Имани  жаз" атты  имандылық  курсында жасөспірім 53 қыз бала оқып, олардан сабақты үзбей белсене қатысқан 35-і арнайы сертификат алды. Балаларға  сертификаттармен қоса   сыйлықтар да берілді. Олардың ата-аналарына арналып   рухани  кеш  өткізілдіді.  Кеште Құран оқылды, салауат айтылды, хормен  діни өлеңдер айтылды.  Исламның  шарты, дәрет алу   үлгісі, таяммум  алу  үлгісі, тамақтану  үлгісі   т. б.  бейне  роликтер де көрсетілді. Кеш  соңында  дастархан жайылды».

Сонымен қатар жуырда аталмыш курсты оқып жатқан шәкірттерді ұстаздарды облыстық  Г.Потанин атындағы өлкетану мұражайына апарып оларға өлке тарихы, ата-бабаларының қол өнер шеберліктері,  жан жануарлар әлемі, аң құстарды  тамашалатып,  тәрбиелік сағатында  өткізгенін де атап өткен жөн.

 

Амантай ТОЙШЫБАЙҰЛЫ

 

 

0 пікір