ИӘ, ШӘҺРИ РАМАЗАН!
ИӘ, ШӘҺРИ РАМАЗАН!
08.05.2020 12:08
376
0

 Рамазан айы исламның қасиетті саналатын төрт айының бірі. Рамазан айында ораза тұту – мұсылманның бес парызының бірі. Шаһадат айту, намаз оқу, зекет беру, қажыға бару секілді бұл парызды да мұсылмандар барынша бұлжытпай орындауға, сол арқылы өз ортасына ықпал етуге, имандылық ұрықтарын себуге, рухани, денелік тазалыққа жетуге үндейді. Рамазан айында ұсталынатын отыз күндік оразада ораза ұстаушы өзін өзі ізгілікке бағыштайды, Құран Кәрімді оқып, әртүрлі діни кітаптармен сусындап, рухани тазалыққа ұмтылу керек. Бұл айдың көпеген қасиетінің бірі – ораза ұстаған адамның күнәлары жойылады, қателіктері ұмытылады. Бойындағы бойкүйездіктен арылады, жаман әдет қылықтан, қатыгездіктен, адамның қадірін түсіретін сараңдықтан аулақ болады. Тазарған тән, түлеген ішкі қазына  жан жүйенің қайырымдылығы артады, дәулетті адамдар кембағалдармен мен мұқтаж жандардың аштыққа қалай төзіп, қандай бейнет кешетіндерін өз бастарымен сезіп, тірлікте пенделердің бір бірімен инабатты болуына көздерін жеткізеді, мейірімді, қайырымды болуға үндейді.

Қашанда имандылық бар жерде ізгілік нұрын жайған, тынышытық пен татулық ұйып, ынтымақтықты, ырысы мол күн туған. Мұндайда уыздай ілтипат пен ізгі ізет, ибалық пен инабаттылық, ар-иман адам жан дүниесіне жарқын сәулесін шашып, қазынасы мен қасиетін әрлендіре, көріктендіре түседі. Өзіміздің ата дәстүрімізден, әдет ғұрыптарымыздан, үлкендеріміздің ойы мен бойынан оның жарқын ұшқындарын көріп, көңіл тоғайып, дәтке қуат бітеді. Иә, бұрыңғылар ізгілікті болуға, қайырымды болуға жастайынан үндеп өтті, бойларындағы иман ұятқа иланды, сол қасиеттерді ұрпақтарына дарытуға тырысты.

Халқымыз қастерлеп келген, қалың мұсылман қауымына айрықша кең тараған ораза тұтудан ізгілікті ниеттердің нышандарын айқын аңғаруға болады. Ораза ұстаудың өмірлік өнегелі жағы да бар. Ол адамды тазалыққа, рухани сергектікке, қайырымдылыққа, мейірімділікке үндейді.

Осы орайда қызметке бастаған  жылымыз 2018 ден бері «Қасым қажы» мешіті ұжымы мен ауыл тұрғындары, облыс бас имамы Жолдас Қоспақұлының ыжтыһады, аудан әкімі Сырым Раушановтың қолдауымен көптеген қайырымдылық іс- шараларға мұрындық болып келеді. Атап айтар болсақ: мешіт ауласында орналасақан медресемізге спорт зал құрылысының басталуы, мешітіміз бен медресеміздің он жылдық мерей тойының тойлануы, сондай-ақ мешітіміз орналасқан Абай көшесінде Абай атамыздың 175 жылдық мерей тойына орай 175 шырша тал ағашы отырғызылуы секілді көптеген  іс-шаралар жүзеге асты.

Биылғы Рамазан айының құрметіне және Қазақстан Мұсылмандар Діни Басқармасының 30 жылдығына орай хазретіміз Наурызбай Тағанұлының мұсылман қауымына үндеуі аясында  бірнеше қайырымдылық іс-шара атқарылды. Атап айтсақ, әлеуметтік жағдайы төмен 30 отбасыға азық түлік таратылды, «Қасым қажы»  мешітінің ауласында орналасқан «Әбу Бәкір Сыддық» медресесіне және «Мәшһүр Жүсіп» қарилар даярлау орталығына»  30 мың теңгеден садақа берілді жәнеде Түркістан обылысы Мақтаарал ауданындағы апаттан зардап шеккен отбасыларға  30 мың теңге қайырымдылық жасалды.

Рамазан айы Құран айы болғандықтан мешітімізде медресеміздің ұстазы Ербол Шырынхан   30 пара Құранды  күнделікті бір парадан хатым етуде. Мешіт молдасы Байзитов Қуат аға мен медресенің наиб имамы  Амиров Абылай ауыл жамағатына, оның ішінде ауыл жастарына және қарттарына ерекше көңіл бөліп, аянбастан қызмет етуде.

«Әбу Бәкір Сыддық» медресесін Қасым Мұстафаұлы Ертісбаевтің (Қасым Қажы ) немересі кәсіпкер Қанат Омаров өз қаражатымен салған. Бүгінгі таңда медресе талапкерлеріне діни білім оқытып, халыққа қараңғы үйге жаққан шамдай болып тұр. Жыл сайын елу - алпыстан шәкірт оқиды. Басқа да өңірлерден ақырындап осы медресеге келіп, кіріп жатқан шәкірттер бар.

Павлодарға қараған елдің ауқатты адамдары медресенің керек жарағын толтыруға, шәкірттерге жәрдем беруге ат салысса зор сауапқа кенелетіндері сөзсіз.

Қиын қыстау кезінде ізгі ниеттерімен қайырымдылық іс-шараларға қолдау көрсеткен барша мұсылман жамағатына Алла разы болсын!

Қасиетті Рамазан айында ұстаған оразаларыңыз қабыл болсын. Алла Тағала сауаптан еселеп жазсын!.

 

 

Ермек ҚУАТҰЛЫ,

Павлодар қаласы, «Қасым қажы»

 мешітінің бас имамы

 

 

0 пікір