Елге ел қосылса – құт!
Елге ел қосылса – құт!
28.08.2018 17:42
572
0

Өткен жұмада Май ауданы  Ақшиман ауылына «Әбу Ханифа» қоғамдық қорының төрағасы Сапарғали Байболатов, осы аталмыш ұйымның атқарушы директоры Кенже Кенесбаев қордың бірнеше мүшелерімен ауылға жаңадан көшіп келген отбасына қайырымдылық шарасын көрсету мақсатымен ат басын тіреген болатын.

Ауылдың кіре берісінде көпшілікке шарапаты тиіп, қаншама адамның дертінен емделуіне себепкер болып, ел құрметіне бөленген Қайса атаның еңселі кесенесі мен мұндалап, әрлі-берлі өткен жолаушылардың жолсапарларына жол мегзеп тұрғандай көрініс береді. Арғы аталары қасиет иесі болған Қайса Нұрғазыұлының есімі ел арасында бақсылық, емшілік, көріпкелдігімен танылған. Бұл кесене де рухани жаңғыру бағдарламасы негізінде киелі орындарға енген нысандардың бірі.  Ақшиман ауылына кіреберісте  үлкен «Билайн» желісі құрылғысы орнатылған.

«Елге ел қосылса- құт» дегендей жуырда ғана Тараз облысының Жуалы ауданынан жас отбасы көшіп келіпті.  Отағасы - Сағимбеков Әділ. Мамандығы – агроном. Жұбайы Маханова Нурдина медбике. Жас жұбайлардың елге көшіп келгендеріне екі аптадан асқан екен. Екеуі де жұмысқа орналасыпты. Кішкентай сүйкімді Кәусар есімді қыздары ауыл арасында жүгіріп жүр.

 «Барыңмен бөліс!» қағидасын ұстанған «Әбу Ханифа» қоғамдық қоры көшіп келген жас жанұяға қайырымды жүректерін көрсетіп, ағалық көңілдерін танытты. Қораларына бұзаулы сиырларын байлап, кілем-төсеніш, төсек-орын, ыдыс аяқ, киім-кешек, азық-түлік пен  үлкен теледидарды сыйға тартты. Қайырымды іс  жасау - оған мұқтаж адамның жанына қуаныш сыйлайды. Ал, жасаған қайырымдылық пен мейірімділік, ол Алладан қайтады. Сондықтан, мейірімді жандардың жасаған жақсылықтары - Алла назарында болсын деген ниет білдірмекпіз.

Ауылдық округ әкімшілігінің бас маманы Сергазина Роза: «Бұйырса, алдағы уақытта  Шымкент облысынан тағы бір жанұя көшіп келмек. Келген жас мамандар жұмысқа кірісті. Үй мәселесі ойластырылуда. Әзірше тұрып жатқан үйлері бар»,-дейді.

Ақбалық хазірет қорымы жатқан жері Саты ауылына қарағанмен, хазіретке кесене орнатуда сатылықтарға қарағанда Ақшиман ауылының халқы ауызбірліктері мен ұйымшыл-белсенділіктерін ерекше танытып, игілікті істің сауабын көп алған сияқты.

Бұл туралы ауылдың  Қайрат есімді имамы: «Жаз басталғаннан бері ауыл халқы хазірет басына қона жатып, кезектесіп, қолдарынан келген бар көмектерін аямады. Ақшиман ауылдық округінің әкімі Қайырғалы Бақауовтың бұл игілікті шараны ұйымдастыруда көп үлесі көп»,- дейді.

100-ге жуық отбасы тұратын ауылда 500-ге тарта халық бар. 90-ға тарта зейнеткерлер ауылдың ұйытқысы болып отыр. Қандай ауылға қатысты шара болмасын, ауылдық бастауыш ардагерлер  кеңесінің төрағасы Бәри Арыновтың бастауымен Нәжмиденова Майгүл, Абушахманова Бадиға   сынды белсенді ардагерлер қатысып, салт-дәстүрлерін сақтап, жиналған ортаны ақ баталарымен, өнегелі өмірлерімен, тәлімді ойларымен көркейтіп жүреді.

Қазақтың иісі бұрқырап, іргесі әлі де сөгілмеген ауылдың қонақжай тұрғындары бұйырған малдарын өсіріп, ата кәсіптерін серік етіп отырған жайлары бар. 

Ең бастысы, мектеп жұмыс істеп тұр. Бұл жаққа негізі, көп балалы отбастарын тартса, мектептің оқушысы да көбейер еді.  10-нан асатын мұғалімге  27 оқушысы аздық  ететіндей. Мектептің жабылғаны - ауылдың қаңырағаны. Бұған аудан басшылығы жол бермеудің жолын қарастыратын шығар. Әзірге мектеп жұмыс істеп тұр. Кітапханалары  мен мәдениет үйі бар. Ауылдың жастары өнерлі. Міне, осындай шалғай жердегі елді мекендердің жағдайын әлі де болса көтеру керек.

Май аудандық ардагерлер кеңесінің төрайымы Гүлнара Еркебайқызының айтуынша, аудандық білім бөлімінің алға қойып отырған жоспарымен Ақшиман мектебінен өлкетану бағытында туристік тұрғыда жылжымалы кіші демалыс орталығын ашып, жыл бойы осында жан-жақтан балаларды әкеліп тұру көзделіп отырған көрінеді. Ауылдың ішін жандандырып, тіршілік тынысын кіргізетін мұндай бастама іске асып кететін болса, әрине, қуанарлық жағдай.

“Ауыл түбі — бірлік, қауым түбі — тірлік” деген мақал ауылдың этникалық, экономикалық және рухани маңыздылығының белгісі.  Ұлттық дәстүрдің тоғысқан жері, халық өнерінің нағыз бастауы болған ауылдың жағдайын көтеруде инвестиция тартылып, аудан кәсіпкерлері мен фермерлері мемлекеттен берілген жеңілдіктерді тиімді қолданған жөн.

Ән мен күйдің, өлең мен жырдың негізі, береке мен бірліктің бастауы болған  ауылдың түтіні тоқтамасын. «ауылы бүтінді аман де, елі бүтінді есен де» деп халық даналығы айтқандай, ауыл көркейіп, жас отбасылармен толығып жатқаны,  елдігімізді танытқанымыздың белгісі  емес пе?

Ләззат Теміртасқызы.

 

0 пікір