Екібастұздың елеулі жаңалықтары
Екібастұздың елеулі жаңалықтары
07.06.2019 10:21
532
0

"Айт мейрамы құтты болсын!" іс-шарасы

Екібастұз қалалық мешітінің әйелдер және қыздардың ұстазы Зәуре Шадиеваның ұйымдастыруымен "Айт мейрамы құтты болсын!" іс-шарасы өткізілді. Мешітте оқып жүрген қыз-келіншектер өз қолдарымен қағаздан гүлдер жасап, шарлар сатып алып, қалаға шығып, көшеде және қала саябағында кездескен адамдардың барлығына сол гүлдер мен шарларды таратып, мейраммен құттықтады. Шараның мақсаты - адамдарды қуандырып, мейраммен құттықтау және дінді естеріне салу. 

 

 

Ораза Айт мейрамы Екібастұзда

Екібастұз қаласында ораза айт намазына келген халықтың көптігі сонша – мешітке сыймай, есік алдына төселген кілемдер де жетпей, жерде тұрып намаз оқыған адамдар да болды.

Намаздың алдында Екібастұз қалалық мешітінің бас имамы Бауыржан Отарбаев жамағатқа уағыз айтты. Имамнан кейін сөз кезегін қаламыздың бас әкімі Нұржан Әшімбетов жиналған намазхандарды Ораза айт мейрамымен құттықтап, отбасыларына жақсылық тіледі.

Айт намазына 2000-нан аса адам қатысты. Намаздан кейін мешітіміздің әйелдер ұстазы Зәуре Шадиева ұйымдастырған қайырымдылық жәрмеңкесі өтті. Ұстаздың шәкірттері үйлерінен пісіріп әкелген тәтті тағамдары мен қолөнер туындылары жарты сағаттың ішінде сатылып бітті. Жәрмеңкеден 20 000 теңге түсті. Ол ақшаны көп балалы мұқтаж отбасыларына айтқа сыйлық ретінде азық-түлік сатып алып беруге жұмсалады. Мешіттің ауласында спорттық ойындар өткізілді. Жастар мәз-мейрам болып қатысып, қол күрес, гиря көтеру, арқан тартудан сайысты.

Мешіттің асханасында айттық шай берілді. Жамағатқа плов пісіріп, бауырсақ, шай, тәттілерді ұсынған «Гидропром» фирмасы. Аста намазхандар, имамдар, қала әкімі және шәкірттер болды. Барлығы 350 адам айт шайынан дәм татты.

Соңында мешітіміздің наиб имамы Хайролла қажы Әбілдабек қала әкіміне, асты ұйымдастырған фирманың басшысына және жамағатқа ризашылығын білдіріп, батасын берді.

 

Қайрат Елтін

 

 

0 пікір