Екібастұздағы «Мұқтаждың мұңын бөліс!» акциясы
Екібастұздағы «Мұқтаждың мұңын бөліс!» акциясы
14.03.2019 17:27
247
0

Құдіреті шексіз Жаратушы Алла таңдаулы елшісі Мұхаммед (с.ғ.с.) арқылы мұсылмандар қауымына арнап бес парызды бекітті. Солардың бірі – Зекет. Зекет – тек материалдық көмек беру емес, ол ең әуелі мұсылманға жүктелген үлкен ғибадат. Пайғамбарымыз(с.ғ.с)-дың: «Мал – мүліктеріңді зекетпен қорғаңдар, ауруларыңды садақамен емдеңдер және бәлеге қарсы дұға әзірлеңдер»,- деген хадисі көп нәрсені аңғартса керек.

 «ҚМДБ-ның Зекет Қоры» атты корпоративтік қоры құрылып жеке және заңды тұлғалардың зекеттері мен садақаларын қабылдап, оны Шариғат үкімдеріне сай таратумен айналысып келеді.  Осы жауапты міндетті бүгінде облыс мешіттеріндегі Зекет қоры өкілдері шама-шарқынша атқарып келеді.

Биылғы наурыз айында Исламдағы қасиетті үш айдың басталуы және дәстүрлі мейрамымыз Жыл басы-Наурыз мерекесі, қауышу-көрісу күндері қабаттасып келді. Осы күндердің құрметіне орай  Макимов Шыңғыс Тұрсынұлы ұйытқы болған Екібастұз қалалық мешітінің Зекет қоры «Мұқтаждың мұңын бөліс!» тақырыбында арнайы іс-шара өткізді. Алдымен қаладағы әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың 180-ге жуық балаларды ата-наларымен қоса мешіт асханасында түрлі тағамдармен безендірген арнайы дастарханға  шақырып, қонақ қылды.

 Бұл жолы мұқтаж болған  40 отбасына әртүрлі азық-түлік толтырылған арнайы сыйларын табыстады.  Сонымен қатар жуық күндері әртүрлі жастағы 350-ден астам балаларға аяқкиімдер де тарту етпек.

 Дастархан басында қалалық мәслихат хатшысыКуспеков Болат Қайыржанұлы және басқа да жауапты қызметшілер бірге болды. Мешіт имамдары дастархан басына жиналған жасөспірімдерге жақсы тілек тілеп қазақ және орыс тілдерінде қысқаша әсерлі уағыздар айтты.

«Ел ішінде азық-түлік,  киім-кешекке де мұқтаж  отбасы аз емес. Əсіресе қысқа жібі күрмеуге келмейтін көп балалы отбасыларға қиын. Бүгінгі қайырымдылық шарасын өткізуге қаржылай да, заттай да үлес қосқан «Уақ» сауда үйі, «Нарық» базары, Омарова Турсын апа, Қанат Бектемірұлы, Самат, Ертай, Марат, Қанағат, Мағзум, Мирхат, Жанболат,  Мадияр, Майгүл  апай,  ағайынды Бүркіт пен Абай,  Гулзия, Балшекер бастаған кондитерлік цех, Перизат тәте, Файзи апай, Зәуре ұстаз, Жанна тәте, Асылхан қатарлы   көптеген адамдарға және мешітіміздің  жамағаты мен шәкірттеріне  Алла разы болсын демекпін.Өздеріңіз білесіздер, қазір елімізде көпбалалы отбасыларға әлеуметтік көмек көрсетілуде. ҚМДБ жанындағы «Зекет» қоры осы бастамаға қолдау көрсету мақсатында өздеріңізге сый жасап отыр. Алдағы уақыттарда «Ел үлесі-пәтерге!» акциясы арқылы қаламыздан 1-2 мұқтаж отбасыға баспана мәселесін де шешіп береміз деп жоспарлап отырмыз.»,-дейді «Зекет қоры»-ның өкілі Шыңғыс Тұрсынұлы.

Шара соңында Екібастұз тұрғындары игі шараға үлес қосқан азаматтарға алғысын білдірді. Көмек алған отбасылар мұндай қайырымдылық шарасына қуанып, барлық азаматтарға алғыстарын жаудырып жатты.

Қолы ашық, көңілі кең, бұл әлемде адамгершілікті насихаттап, өздері үлгі боларлықтай азаматтардың – қайырымды жандардың қатары арта берсін.   Қаншама мұқтаждар мен міскіндер Сіз берген зекет пен садақаға қарап, үміттеніп отыр. Алланың берген нығметінен өзгелерге де үлестіре отырып, Раббымыздың кешірімін иеленушілер болайық.

Жаратқан Иеміз рахымы мен мейірімін төккен құлдарынан етсін! Әмин!

 

Амантай ТОЙШЫБАЙҰЛЫ

0 пікір