Дін көшбасшыларының құрылтайына 42 елден 80-нен астам делегат арнайы келді
Дін көшбасшыларының құрылтайына 42 елден 80-нен астам делегат арнайы келді
10.06.2015 09:37
2050
0

Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының V құрылтайы «Діни көшбасшылар мен саяси қайраткерлердің бейбітшілік және даму жолындағы диалогы» атты тақырып аясында өрбиді. Ауқымды шараға 42 елден 80-нен астам делегат арнайы келді. Екі күнге ұласатын құрылтай жұмысына Елбасы да қатысады деп жоспарланып отыр. Әлемге әйгілі діни төрелердің төрткүл дүниенің төрінен келіп, Астанада бір шаңырақ астында бас қосуы жыл санап ауқымы кеңейіп келе жатқан халықаралық жиынның қадір-қасиетін еселеп арттыра түсері анық. Жұмыр жердің әр қиырынан жиналған дінбасылар бұл басқосу жаһандық сын-қатердің алдын алуға сүбелі үлес қосуда, - дейді. Мункиз Махмұд ас-Саккар, Дүниежүзілік Ислам Лигасының халықаралық ұйымдар мен конференциялар департаментінің кеңесшісі: - Түрлі дін өкілдерінің басын қосатын форум күллі адам баласын бейбітшілікке үндейді. Дегенмен біз осы уақытқа дейін не істей алдық деген сауал туындайды. Жер-жаһандағы барша халық  бейбітшілікке жақындай түсті ме? Жоқ әлде алыстап бара ма? Әлемде болып жатқан оқиғалар бәрімізге белгілі. Ендеше бұлардың бәрі жауапкершілікті арттырып, бізден осы күрделі мәселеге көбірек көңіл бөлуді талап етеді. Біздің үндеу жалаң ұран, жалған сөз, жасанды сезім болып қалмауы тиіс. Юрий Новгородов, дүниежүзілік Лютеран федерациясының өкілі: - Форум аясында маңызды мәселелер талқыланады. Әлемнің әр қиырынан жиналған діни көшбасшылар мен саясаткерлер қоғамды толғандырған түйткілдің түйінін тарқатуға тырысады. Түрлі дін өкілдері бір үстелдің басында отырып, ашық пікір алысады. Болып жатқан оқиғаларға өз көзқарасын білдіріп, ортақ келісімге келуге тырысады. Өйткені жиынның басты мақсаты – дінаралық диалог орнату. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынып, алғашқы басқосу 2003 жылы өткен болатын. Содан бері әр 3 жылда бір рет ұдайы ұйымдастырылып келеді. Бүгінде дәстүрлі кеңес әлемдік үнқату және ашық пікір алаңына айналып қана қоймай, діни дүрдараздықты болдырмауға өз ықпалын тигізуде, - дейді келелі кеңеске келген дін көшбасшылары. Ержан қажы Маямеров, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти: - Бұл съезд жылдан жылға маңызы артып келе жатыр. Неге десеңіз, әлемдегі түрлі болып жатқан дінаралық немесе саяси қақтығыстардың барлығы ертеңгі күні бір алаңды іздейтін болады. Бүкіл саясаткерлердің болсын, діндарлардың болсын басын қосатын бір үлкен алаң керек болады. Сол алаң осы Астанада өтіп жатқан дін көшбасшыларының съезі деп айта аламын. Ешая Коген, Қазақстанның бас раввині, Еуропа және Азия раввині кеңесінің төрағасы: - Мен съезд бастау алған жылдан бері тұрақты түрде қатысып келемін. Оның маңыздылығы жыл өткен сайын артып келеді. Біз мұнда жаһандық мәселелерді талқылаймыз. Басты мақсатымыз – бейбітшілік пен келісімді насихаттау. Бұл жиынның Қазақстанда өтуі де бекер емес. Өйткені бейбітшілік бесігіне айналған қазақ елі бүкіл әлемге сүттей ұйыған ұлтаралық татулық пен  діңгегі берік дінаралық келісімді сақтауымен үлгі болып отыр. Форумның Бейбітшілік және келісім сарайында өткізілуінде үлкен мән жатыр. Өйткені діни көшбасшылар  жер шарына бейбітшілікті насихаттап, бүкіл адамзатты әділеттілік пен жасампаздыққа ұмтылуға шақырады. Бастысы – мұндай жиындар барлық дін өкілдерінің басын қосып, экстремизм мен терроризм сынды қауіп-қатерлердің алдыналуға септігін тигізіп, тың серпін береді.

24.kz

0 пікір