Болашақ жас отбасыларға уағыз-насихат тұрақты айтылуда (ФОТО)
Болашақ жас отбасыларға уағыз-насихат тұрақты айтылуда (ФОТО)
05.08.2018 12:19
553
0

ҚМДБ-ы 2018 жылды «Ислам және отбасы жылы» деп жариялап, осы бағытта  имам-молдалар, дін және мешіт қызметшілерінің атқаратын іс-қызметтерінің бағытын айқындаған бағдарлама қабылдаған еді. Елімізде соңғы жылдары  шаңырақ көтерген жастардың алдағы  отбасылық өмірі бақытты да баянды болуы Тәуелсіз мемлкетіміздің гүлденіп көркеюінің бірден-бір кепілі болмақ.

ҚМДБ-нан бекітілген бағыт бойынша «Ислам және отбасы» жылы аясында Павлодар облысы өкілдігі өткен мерзімде біршама игі істер атқарып келеді. Сонымен қатар мешіт жанынан «Отбасы мәселелері бойынша кеңес беру орталығы» күнделікті жұмыс жасауда. «Мәшһүр Жүсіп» мешітіне  неке қидыруға тізімделген жастарды өткен наурыз айынан бері әр аптаның бейсембі күні  арнайы шақырып «Исламдағы отбасы», «Шариғат бойынша ері мен әйелінің бір-бірінінің алдындағы міндеттері мен құқықтары», «Отбасы жылулығы», «Ажырасу-Алла Тағаланың алдындағы ең жағымсыз амал» екендігі туралы көптеген тақырыптар бойынша уағыздар айтылып, ақыл-кеңестер беріліп келеді. Бұл іске мешіт имамдары мен ұстаздары белсене атсалысуда.

Осы аптаның бейсембі күні бұл шараны ҚМДБ-на қарасты облысымыздың бас имамы Жолдас қажы Қоспақұлы жүргізіп, жастарға үстіміздегі тақырыптарға толығымен тоқталып, ата-ананы құрметтеу, ер мен әйелдің өзара міндеттері, әке-шешенің балаларының алдындағы міндеттері сынды уағыздар айтып, жастардың қойған сұрақтарына жауап берді.

Жиын соныңда жастарға ақ бата тілеп:

«Ер мен әйел бір-бірінің қате-кемшіліктерін көрместікке алып, ар-ұяттарын қорғаулары керек. Бүкіл ғаламды жаратқан жалғыз Алла. Алладан басқа тәңір жоқ. Бір елде екі басшы болмайды. Бұл табиғаттың заңдылығы. Ер кісі үйінің басшысы болғаннан кейін сол үйдің, бала-шағаның, әйелдің қажетін тауып беріп, тамақпен, киім-кешекпен қамтамасыз етуі керек. Ал әйел болса, бала-шағасын тәрбиелеп, үйінің жамандығын жасырып, жақсылығын асырып, жарының тауып келген нәпәқасын ысырап етпестен, орынды жұмсай білуі қажет. Міне, сонда ғана шаңырақ шайқалмай, үйдің құт-берекесі артып, ырысқа толы болмақ», - деді Жолдас Қоспақұлы.

«Мәшһүр Жүсіп» мешітінің баспасөз қызметі

0 пікір