Бірлік халқы екі дүниенің сардарын еске салды
Бірлік халқы екі дүниенің сардарын еске салды
25.11.2019 16:43
309
0

Баянауыл ауданы Бірлік ауылында Мәуліт мерекесі тойланды. «Екі дүниенің сардары – асыл текті...» атты діни шарада мешіт шәкірттері иләхи өлеңдер оқып, пайғамбарымызға салауат айтты.

2000 жылдардың басында ауыл тұрғындарына Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыздың туған күнін атап өту таңсық болатын. «Ұста Бекен» мешітінің сол кездегі имамы Әлімжан Кульдин, кейін Аллаберген Қожанов (қазіргі имам) ғибратты дүниеге толы мерекелік бағдарлама әзірлеп, жыл сайын ауылдық мәдениет үйінде Мәуліт мейрамын өткізіп келді. Жасыратыны жоқ, бұрындары ата-аналар баласының өнерін тамашалау үшін келетін. Қазір ниеті басқа. «Сауапты шарадан құр қалмайық» деп ат басын бұрады. Мектеп оқушылары да Мәуліт мерекесін асыға күтіп, дайындығын ерте пысықтауға дағдыланған.

Қасиетті Құран аяттарымен бастау алған биылғы Мәуліт мерекесіне 30-дан аса шәкірт қатысып, жиналғандарға ардақты пайғамбарымыздың өмірі, өнегелі ісі жайлы айтып берді. «Садақа» атты сахналық көрініс көптің көңілінен шығып, көздеріне жас үйірілді. Ауыл имамы Аллаберген қажы тұрғындарды мерекемен құттықтап, Әз Елшіге (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) деген махаббат иманымызға қуат, жанымызға азық болатынын атап өтті.

Кеш соңында ауыл ақсақалдары шәкірттерге ақ батасын беріп, Бірлік ауылы тұрғындарының бірлігі бекем болуын тілек етті.

0 пікір