Бас мүфти: ҰБТ-дан сүріну – өмірден сүріну емес (ФОТО)
Бас мүфти: ҰБТ-дан сүріну – өмірден сүріну емес (ФОТО)
23.05.2015 12:00
879
0
www.muslim.kz

Елордамыздағы «Нұр-Астана» орталық мешітінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Ержан қажы Малғажыұлы «Жолың болсын, жас түлек!» атты рухани кездесуге қатысып, мектеп бітірушілерге дәріс жүргізді, ҰБТ алдында бата берді.

Іс-шараға Астанадағы 50-ден астам орта мектептерді бітіруші 2000-нан астам түлек, ұстаздар және ата-аналар комитететінің мүшелері қатысты. Сондай-ақ, Республикалық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Өмірзақ Озғанбайұлы да оқушыларға насихатын айтып, ізгі тілегін жолдады.

Кездесуді ресми ашқан «Нұр-Астана» орталық мешітінің Бас имамы, наиб мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы кездесудің маңызына тоқталып: «Мешітте жыл сайын өтетін рухани шараның негізгі мақсаты – оқушылар үшін аса маңызды науқан – ҰБТ қарсаңында түлектерге игі тілек тілеп, рухани демеу білдіру, жігерлендіру», – деді.

Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы жас түлектерге білім алудың артықшылығы жайлы уағыз айтты. «Білім жолында кедергілер көп кездеседі. Ең бастысы өздеріңізге ұнаған мамандық бойынша оқуға түсіңіздер. ҰБТ-дан сүріну – өмірден сүріну емес. Әрбір сынақта Алланың хикметі, даналығы бар. Алла қаласа сіздердің араларыңыздан академиктер, елге қызмет ететін иманды азаматтар шығатынына сенімдімін», – деді ҚМДБ төрағасы Ержан қажы Малғажыұлы.

Бас мүфтидің оқушы кезіндегі ұстазы, қазірде қалалық №51 мектеп-гимназиясының 11 сынып жетекшісі Заура Мұқашқызы өзінің шәкірті Ержан Маямеровтың бүгінгі жоғары әрі жауапты қызметте жүргеніне мақтанатынын айтты. «Шәкіртімнің үлкен мінберлерде халыққа насихат айтып жүргені мен үшін үлкен мәртебе», – дейді ол.

Шара барысында жастарға «Жас түлекке насихат» деген атаумен арнайы бүктемелер таратылды. 

 

0 пікір