Бас мүфти Шардарада «Әль-Фаттах» мешіттің ашылуына қатысты (ФОТО)
Бас мүфти Шардарада «Әль-Фаттах» мешіттің ашылуына қатысты (ФОТО)
07.12.2015 15:44
2026
0

Ел Тәуелсіздігі мерекесі қарсаңында Оңтүстік Қазақстан облысы, Шардара қаласында «Әль-Фаттах» атындағы зәулім мешіттің ашылу салтанаты болып өтті.

Құлшылық үйінің ашылуына Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы, «Әзірет Сұлтан» мешітінің Бас имамы, найб мүфти Серікбай қажы Ораз, ҚМДБ-ның Діни істер бөлімінің меңгерушісі Камалжан Тұрдыбаев, ҚМДБ-ның ОҚО бойынша өкіл имамы Ахметжан қажы Пірәліұлы және елімізге белгілі бірқатар зиялы қауым өкілдері қатысты.

Салтанатты жиынды найб мүфти, «Әзірет Сұлтан» мешітінің Бас имамы Серікбай қажы Сатыбалдыұлының қасиетті Құран Кәрімді оқуымен басталды. Мешіттің  ашылу салтанатын  Қыстау Ілесов  жүргізді.

ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы хазрет жиыналған қауымды алдағы үлкен Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында ашылып отырған жаңа мешіттің ашылуымен құттықтап, ыстық лебісіз білдірді. «Шағалалы Шардара өңірі дін мен дәстүрдің берік сақталған қасиетті мекені. Осындай өлкеде мешіттердің көптеп ашылуы үлкен жетістік. Мешіт тек ғибадат орын ғана емес, елдің бірлігі мен ынтымағына қызмет етуге тиіс», - деді Бас мүфти. Бас мүфти дәстүрге сәйкес жаңа «Әль-Фаттах» мешітінің имамы Серикбай Шыныбековке қасиетті Құран Кәрімді сыйлады. Және мешіт салған белгілі кәсіпкер Боранбаев Нұрлан Қанайұлына өз алғыс хатын табыс етті.

Мұнымен қатар, Бас мүфти осындай ұл-қыз тәрбиелеп, асыл дініміздің өркендеуіне мол үлес қосып жүрген мешіт салған Нұрлан Боранбаев бауырымыздың әкесі Қанай қажы ақсақалға естелік кәде сыйлық табыс етті.

Шардара аудан әкімі Қамытбек Нұржанұлы, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тәңірберді Ағманов, ауыл биі Тасболат Юсуповтар құттықтау сөз алып, мешіт бауырымыздың әкесі Қанай қажы Боранбаевқа ауыл халқы атынан келген ҚМДБ-нан келген қонақтарға ел ағаларына алғысын білдірді.

Бұл жаңа мешітте Бас мүфти жиналған жамағатпен бірге екі ракат сәлем намазын оқыды. Жаңа мешіттің үлкен залда  400  намазхан емін-еркін намаз оқиды. Имам бөлмесі, қабылдау бөлмелері қазіргі талапқа сай жасалған. Мұнымен қатар, жеке әйелдер бөлмесі мен діни сауат ашу курстарын жүргізетін арнайы бөлмелері қарастырылған. Кітапханада кітап сөрелерімен қоса оқырмандарға кітап оқуға жағдай жасалынған. Бір сөзбен айтқанда заман талабына сай жасалған.

Жалпы, ауыл орталығында салынған жаңа мешіт елдің нағыз имандылық рухани ордасына айланады деген сенімдеміз.

ҚМДБ-ның ОҚО бойынша  өкілдігінің баспасөз қызметі



 

0 пікір