Бас мүфти: Ораза – рухани дертті емдейтін мейірімді дәрігер (ФОТО)
Бас мүфти: Ораза – рухани дертті емдейтін мейірімді дәрігер (ФОТО)
18.06.2015 16:59
1277
0

Исі мұсылманның ортақ мерекесіне айналған қасиетті Ораза айыда келіп жетті. Қасиетті аймен сағына қауышқан Алматы жұртшылығы Орталық мешітте алғашқы тарауих намазын оқуға көптеп жиылды.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Ержан қажы Малғажыұлы Алматы қаласы Орталық мешітінде басталған тарауих намазына қатысып, халқымызды қасиетті Рамазан айымен құттықтап, ел мен жердің амандығын тілеп, бата жасады.

«Рамазан – барша мұсылман қауымы әр жылы сағына күтіп, қимай қоштасатын, Құран Кәрімнің асыл аяттары түсе бастаған қасиетті ай. Рамазан – әрбір ораза ұстаушының өзінің ішкі жан-дүниесімен сырласып, жасаған пендешіліктері үшін шын ықыласымен тәубеге келетін ай. Бұл қасиетті ай – рухани дертті емдейтін мейірімді дәрігер іспетті. Ораза айы адамды ізгілік пен қайырымдылыққа шақырып, қоғамның береке-бірлікте өмір сүруіне үндейді. Еліміздің барша мұсылмандарын осы қасиетті Рамазан айымен құттықтаймын. Алла Тағала жасаған ізгі амалдарымызға мол сауаптан жазғай», – деді.

Биыл 17-маусымда еліміздің барлық мешіттерінде тарауих намазы басталды. Алла үйлерінде бір ай бойы тарауих намаздарында Құран хатым етіліп, дұға жасалады.

ҚМДБ-ның баспасөз қызметі
muftyat.kz

0 пікір