Бас мүфти мен Бас хатшының басқосуы (ФОТО)
Бас мүфти мен Бас хатшының басқосуы (ФОТО)
20.06.2015 10:48
1042
0

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Ержан қажы Малғажыұлы Астана қаласында Дүниежүзілік Ислам мәзһабтарын жақындастыру ассамблеясының Бас хатшысы Мохсен Мұхаммади Аракиді қабылдады.

Ираннан келген мәртебелі қонақ Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезін өткізу қазіргідей күрделі кезеңде өте қажет екенін атап өтті.

«Біз әлемде болып жатқан қантөгісті тоқтатып, тыныштық орнатуымыз керек. Ал бұл съезд біздің бейбітшілікті орнатуға бағытталған нақты ұсыныстарымызды жариялауға үлкен мүмкіндіктер беріп отыр», – деді Бас хатшы.

Ресми кездесуде Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы мұсылман үмбетінің ауызбіршілігін нығайтуда Ислам ғалымдарының рөлі ерекше екенін сөз етті.

«Қазіргі кезеңде әлемдік қауымдастық экономикалық дағдарысты, саяси, ұлтаралық, дінаралық шиеленістерді бастан кешуде. Әсіресе, адамзат жаңа ғасырда бұрын-соңды болмаған діни алауыздықтар, дау-жанжалдар, ұлтаралық қақтығыстармен бетпе-бет келді. Ислам – бүкіл әлемде адамдардың рухани дүниетанымын байыта отырып, жер бетіндегі адамзат қауымының өмір сүру игілігіне өз үлесін қосатын қуатты күш. Сондықтан сол күшті адамдар арасындағы достық пен ынтымаққа және мемлекетіміздің дамуына жұмсауымыз қажет. Ал өзара келісім мен жарасымдылыққа Ислам дінінің қосар үлесі өлшеусіз», – деді Ержан қажы Малғажыұлы.

Басқосуда сонымен қатар Иран мен Қазақстанның рухани саладағы қарым-қатынасы ортақ құндылықтары әңгімеленді. 

ҚМДБ Баспасөз қызметі
muftyat.kz 

0 пікір