БАС МҮФТИ: ИМАМДАРДЫҢ ДІНИ ҺƏМ ЗАЙЫРЛЫ БІЛІМДІ ИГЕРУІ - ЗАМАН ТАЛАБЫ (ФОТО)
БАС МҮФТИ: ИМАМДАРДЫҢ ДІНИ ҺƏМ ЗАЙЫРЛЫ БІЛІМДІ ИГЕРУІ - ЗАМАН ТАЛАБЫ (ФОТО)
16.01.2018 13:53
2151
0

Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз Алматы қаласының имамдары мен Діни басқарма бөлім басшыларымен жиналыс өткізді.

Жиында Бас мүфти Серікбай қажы Ораз Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты биылғы Жолдауының маңыздылығына тоқталып, Мемлекет басшысының шешімі еліміздегі рухани даму мен діни тұрақтылықтың нақты дәлелі екенін жеткізді.

«Расында, Қазақстан осы уақытқа дейін етек-жеңін алаңсыз бүтіндеген егемен мемлекет болып, өзіндік сипаты мен әлеуеті айқын, тегеурінді ұлт ретінде берік те, бекем қалыптасып, әлемдік кез келген өзгеріске бейімделіп үлгерді. Сондықтан, еліміздің бүгінгі-ертеңгі өсіп, өркендеу бағдарын тек осы ғылым, біліммен байланыстырамыз. Өйткені ислам білім мен ғылыми өзгерістерге бейімделуді құптап, қуаттай түседі. Ислам дінінде мұсылмандарға парыз болғандардың ең үлкені – білім мен ғылым. Білімді мұсылман – толыққанды мұсылман»,- деді Бас мүфти.

Серікбай қажы Сатыбалдыұлы имамдарға діни көзқарасы толық қалыптасқан, озық әрі жаһандық көзқарасы бар маман қалыптастыру Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының да басты міндеті екенін айтты.

«Елбасы Жолдауында: «Өзінің тарихын, тілін, мәдениетін білетін, сондай-ақ заманына лайық, шет тілдерін меңгерген, озық әрі жаһандық көзқарасы бар қазақстандық біздің қоғамымыздың идеалына айналуы тиіс»,- деп атап өтті. Бұл талап дін қызметкерлеріне де қатысты. Қазіргі уақытта дін мамандарының, имамдар мен исламтанушы ғалымдардың бедел-мəртебесін көтеріп, олардың діни һəм зайырлы білімді игеруі - заман талабы. Бұл бағытта Діни басқарма тарапынан «Қазіргі заманның үздік 500 зияткер имамы» жобасы қолға алынды. Ал, бұл түптеп келгенде бүгінгі өзгерістердің артықшылықтарын бойына сіңірген маман қалыптастырып, сол арқылы қоғамның сұранысына толыққанды жауап беруді көздейді»,- деп атап өтті Бас мүфти.

Бұдан кейін Алматы қаласының имамдары Елбасының бүгінгі күннің талабына сай елімізде инновация, цифрлық Қазақстан, IT салаларының дамуына айрықша мән бергенін, Үндеуде айтылған жаңа өзгерістер заман талабынан туындаған бастама екенін айтып, ұсыныс-пікірлерін жеткізді.

Кездесу соңында Бас мүфти имамдарға дін саласындағы қызмет үлкен жауапкершілік жүктейтінін, алда тұрған міндеттерді жүзеге асыруда өз үлестерін қосуға шақырды.

 

0 пікір