Бас мүфти Хорватия мүфтиін қабылдады (ФОТО)
Бас мүфти Хорватия мүфтиін қабылдады (ФОТО)
23.06.2015 11:00
623
0

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Ержан қажы Малғажыұлы Хорватияның Ислам қоғамдастығы Месихат ұйымының төрағасы, мүфти, доктор Әзиз Хасанұлын қабылдады.

Ресми кездесуде мәртебелі мейман Хорватиядағы мұсылмандардың, имамдардың бүгінгі тыныс-тіршілігі туралы баяндады. Әзиз Хасанұлы баяндағандай, бүгінде Хорватияда мешіттер шығынын мемлекет өтейді. «Бұқаралық ақпарат құралдарынан күн сайын екі жарым сағат эфир уақыты бөлінеді. Мемлекеттік шараларда міндетті түрде мүфти қатысады. Аллаға шүкір, мемлекет мұсылмандарға, имамдарға мейлінше көңіл бөліп келеді», – деді Хорватиядан келген қонақ.

Басқосу барысында Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы біздің елде де мемлекет тарапынан Ислам дініне үлкен қолдау көрсетіліп жатқанын жеткізді. «Елбасымыздың қамқорлығымен ТМД аумағында теңдесі жоқ мешіт салынды. Медреселеріміз ашылуда. Бір университетіміз, бір Ислам институтымыз бар. Құрбан айт мерекесі демалыс ретінде бекітілді, – деп атап өтті Бас мүфти.

Дін қайраткерлері сонымен қатар Астанада әр үш жыл сайын өтетін дін лидерлері съезінің әлемдік діни татулыққа қосып жатқан үлесі туралы да ой бөлісті. 

muftyat.kz

0 пікір