Бас Мүфти атында стипендия тағайындалды
Бас Мүфти атында стипендия тағайындалды
23.11.2015 17:08
1577
0

 «Ұлым дейтін ел болмаса, елім дейтін ұл қайдан шығады?» деп жазыпты көрнекті ағартушы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов. ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының тапсырмасы бойынша  үстіміздегі жылдың қараша айын діни басқарма  «Жастар-ел болашағы»  атты акциямен өткізуге бастама көтергені дәл осы үдені көздегендей десек дөп түскендейміз.

 Осы орайда  Мүфти хазреттің тарапынан өңіріміздегі жастармен жұмыс жасауды, мәселен, университет, колледж, мектептердегі белсенді жастарға сыйақы беру, мүмкіншілігіне қарай шәкіртақы тағайындау ұсынысы да жаслаған болатын. Осы ұсыныстарды жүзеге асыру мақсатында ҚМДБ-ның «Мәшһүр Жүсіп» мешіті ақын-журналист жастармен кездесулер ұйымдастыру, үстел теннисінен қалалық турнир өткізу қатарлы  бірнеше  игі шаралар  ұйымдастырды. Сонымен қатар Павлодар облысының өкіл имамы Нариман Ермекұлы «Жастар-ел болашағы» акциясы аясында оқудан тыс уақыттарында мешітімізден діни білім үйреніп, мешіт тарапынан жүргізілетін көптеген іс-шараларға белсенді қатысып қана қоймай өзге де достарына үлгі-өнеге көрсетіп  жүретін бір топ белсенді студент-жастарға  Бас мүфти атынан стипендия тағайындады.  Тағайындалған стипендия өңіріміздегі әртүрлі Жоғары Оқу Орындарында оқитын 5 студентке  әрқайсысына жазғы демалыс айларынан басқа барлық айларда оқуын бітіргенше үздіксіз ай сайын беріліп отырады.

Бұл стипендияға  С.Торайғыров атындағы Павлодар Мемлекеттік Университетін тарих мамандығы бойынша оқитын  студент Саяхат Оразбек, педагогика факультетінің студенті Тілеухан Ақерке, филология факультетінің студенті Байрон Мәрес,  Павлодар Мемлекеттік Педагогикалық Институтының қазақ тілі мен әдебиеті факультетінің студенті Мақсатхан Алтынбек,  Павлодар машина жасау колледжінде электрик мамандығымен оқитын  Юсуф Бақытбектер ие болды.

ҚМДБ-ның Жалпы және жастар бөлімінің басшысы Алтынбек Ұтысхан Павлодар облысындағы іс-сапары барысында студенттермен кездесіп,  ақыл-кеңестерін айта келе, оларға «Мәшһүр Жүсіп» мешітінен Бас мүфти атында тағайындалған ай сайын 10 000 теңге берілетін сертификатпен қоса, алғашқы степендияларын да табыстады. 

Амантай ТОЙШЫБАЙҰЛЫ

 

 

0 пікір